Untitled Document

Оқиға... Бауыржан Момышұлының Кубаға сапары (2)

– Көрдің бе, мені өз Отаным керек қылмайды. Бас штаб маманы, Әскери Академияның орденді профессоры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын алады да саптан лақтырып тастайды. Мен – жоғары білімді әскери адаммын. Әлі де, кемі, он бес жылдай қызмет ете алар едім. Иә, тәуір зейнетақы берді. Үш жүз сом тақияға тар келмейді. Бірақ ең топас түрде бұйырды: көйкеңе жайғас та, дыбыр етпей, төбеге түкіріп жата бер деді. Қалай ойлайсың, төбеге түкіру үшін үш жүз сом жете ме? Білікті офицер үшін жаман ермек емес қой, ә! СССР азаматы және адал офицер ретінде бұл жағдай арыма қатты тиеді, намысым тапталады. Осылай, бауырым. Ал айдаладағы кубалықтар мені пір тұтып, аспанға шығарады, – депті. Сол сапарға қуана-қуана барар едім, бірақ ыңғайы келмеді, – деді бертініректе ақын бізбен әңгімесінде.

Сирияға билет алып қойып, ұшқалы отырғанмын. Батыр Кубаға жалғыз аттанды...

Бостандық аралының жетекшілері қазақ сарбазын хан көтере құрметтейді. Оны Куба дивизиясы 51-ші полкінің құрметті командирі етіп тағайындайды. «Кубаның революциялық Үкіметі мен Әскери күштерінің атынан зор ризашылықпен әйгілі совет полковнигі Бауыржан Момышұлына!» деп Рауль Кастро қол қойып, Куба көсемі, ұлттық қаһарман Хосе Мартидің портретін сыйлайды.

Кейін Олжас Куба газеттерінің бірінші бетіндегі Бауыржан ағасының: «Кубаға Қазақ елінен жалынды сәлем!» деп саңқылдап, ұшақ трапынан түсіп келе жатқан немесе оның әскери парадты қабылдаған кезі бейнеленген көптеген суреттерді көріп, батыр туралы испан тілінде жазылған мақалаларды оқи отырып:
– Әттең, Қазақ халқының шырқау биікке көтерілген осы бір керемет сәттеріне куә бола алмағаным-ай! – деп қатты өкінгенін айтады.