Untitled Document

Күннің тарихы... АҚШ-тағы құлдықтың жойылуы (1)

Атақты теңізші Христофор Колумб батысқа Атлант мұхиты арқылы жүзсе Үндістанға жетуге болады деген идеяны алға тартып Испания Корольдігінің көмегімен Батыс экспедициясын ұйымдастырды. Осылайша, еуропалықтар Америка құрлығына тап болады. 1492 жылы Колумб Жаңа әлемге жеткеннен кейін бірнеше жыл өтіп, бұл құрлықты еуропалықтар жаулап ала бастады.

Жергілікті халық жаңа территорияларды жаулап алу кезінде жойылғандықтан (үндіс тайпалары мен эскимостар), құнарлы жерлерді игеру үшін көптеген жұмысшы қажет еді. Бұл мәселені шешу үшін еуропалықтар Африка құрлығының тұрғындарын Америка құрлығына мәжбүрлі түрде құлдыққа ала бастады. Құлдар кемелердің астындағы арнайы камераларға қамалып тасымалданатындықтан, олардың жартысынан көбі межелі жерге жеткенге дейін өліп кететін. Құл саудасымен айналысқан басқыншылар өлген құлдарды теңізге лақтырып, сапарын ары қарай жалғай беретін. Тарихшылардың есептеуінше, 300 жыл ішінде Африкадан жаңа құрлыққа 10 миллионнан астам құл тірідей тасымалданған. Батыс жарты шарда тұратын афроамерикалықтардың көпшілігі осы құлдардың ұрпақтары.

АҚШ-тағы құлдықты жою

ХІХ ғасырға қарай Америкада құлдыққа қарсы шыққан саналы адамдардың саны өсті. Әсіресе, аймақтағы ең қуатты елдердің бірі – АҚШ-та құлдыққа қарсы қозғалыс күшейді және бүкіл елде оны жоюға күш салынды. 1808 жылы АҚШ Конгресі Африкадан елге құлдарды әкелуге және сатуға тыйым салатын заң қабылдады.

Бірақ бұл заң елдегі құл саудасын тоқтата алмады. Құл сатумен айналысатындар Африкадан адамдарды Америка Құрама Штаттарына бәрібір контрабанда жолымен әкеп сата берді. Осыдан кейін үкімет құлдықты жоймай нәтижеге қол жетпейтінін түсініп, АҚШ-тағы құлдық пен құлдықты жою туралы заң жобасын дайындайды.

жалғасы ертең...