Untitled Document

Сұхбат... Әбу Бәкір Сыддық

Әбу Бәкір Сыддық хазреттері пайғамбарлардан кейінгі адамдардың ең үстемі.

Ашәра-и Мубәшшәраның, яғни жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның біріншісі. Пайғамбарымыз алейһиссаламның қайын атасы, хазреті Айшаның әкесі.

Пайғамбарымыз қайтыс болған күні халифа болып сайланды. Халифалығы 2 жыл, 3 ай, 10 күн жалғасты. 63 жасында хижреттің 13 (григоряндық 634) жылы Жәмазиәл-ахир айының жетісінде, дүйсенбі күні ауырып, 15 күн науқас болып жатқаннан кейін қайтыс болды. Жаназа намазын хазреті Омар оқыды. Пайғамбарымыздың қабірі орналасқан Хужрә-и Саадәтте жерленді.

Асхаби кирамның арасында ең үлкен ілімге ие болғандардың бірі еді. Әр ілімнің жетік маманы болған еді. Ислам ілімдерінің барлық мәселелерін білетін. Шынында Расулуллаһ алейһиссалам Ол жайында «Кеудемдегі марифеттердің, мәліметтердің бәрін Әбу Бәкірдің кеудесіне ағыздым» деген. Осылайша ол Мұхаммед алейһиссаламнан кейін адамдардың ең үстемі болды. Хижретте (көште) Оның жолдас серігі болды, үңгірде де жанынан табылды. Өмірі бойы пайғамбарымыздың қасынан еш ажырамады. Әрбір ісінде Оның уәзірі болды. Бір мәселеде Асхаби кираммен ақылдасып жатқанда хазреті Әбу Бәкір оң жағында, хазреті Омар сол жағында отыратын еді. Талқыланатын мәселе жөнінде алдымен осы екеуінің пікірін, көзқарасын сұрап, кейін басқа сахабалардың көзқарасына құлақ асатын еді.

Хазреті Әбу Бәкірдің құнды насихаттары:

«Тақуалық – ақылмен орындалатын істердің ең жақсысы. Хаққа дұшпан болу – ақымақша жасалған істердің ең жаманы. Берілген аманатты сақтау ең үлкен дұрыстық саналады. Ал қиянат ретінде ең басында өтірік келеді.»

«Өлімді өзіңе жақсы көргіз. Ол қалай болса да келеді.»

«Өмірін пайдасыз, бос нәрселермен өткізген адам егістікке ұрық шашу уақытын өткізіп алған болады. Ал уақытылы ұрық екпеген адам егінді жинау уақытында өкінеді.»

«Не сөйлейтініңе және қашан сөйлейтініңе мән бер!»