Untitled Document

Ғибратты оқиға... Асхаби Кирамның үстемдігі

Ярмук соғысында көптеген сахабалар шәхид болып, бір бөлігі аман қалды. Шәһидтік шербетін ішу кезінде де олар бір-біріне қаншалықты жақын екенін, бір-бірін қаншалықты жақсы көретінін көрсетті.
Сахабалардан Хазреті Хузәйфә (радиаллаһу анһ) былай дейді: “Ярмук соғысы еді. Қиян-кескі шайқас болып, найзаның соққысынан жараланған мұсылмандар ыстық құмның үстінде бірінен соң бірі жан тапсырып жатты. Осы арада мен де әрең дегенде ес жиып, ағамның баласын іздей бастадым. Соңғы сәтте жаралылардың арасынан таптым. Қанға шомған ағамның баласы көзімен ишара етіп әрең сөйледі. Еріндері ыстықтан құрғап кетіпті. Құтының қақпағын ашып аузына су тамызғалы жатқанымда, сәл әріректен, жаралылардың арасынан Икриманың (радиаллаһу анһ) Су! су!.. деген дауысы естілді. Мұны естіген ағамның ұлы Харис (радиаллаһу анһ) көз-қас ишаратымен суды оған апарып ішкізуімді сұрады. Ыстық құмның үстінде шәһиттердің араларынан дереу Икримаға қарай жүгіріп су толы құтыны бердім. Сол сәтте “Аллаһ разылығы үшін бір тамшы су!..”деген Ияштың (радиаллаһу анһ) ыңырсыған үні естілді.  Мұны естіген Икрима қолын алып, су ішуден бас тартып Ияшаға (радиаллаһу анһ) беруімді ишара етті. 

Суды алып Ияшқа жақындап келгенімде, оның соңғы демін шаһадат айтып шығарғанына куә болдым. Менің суды әкелгенімді көрді, алайда уақыты жетпеді. Дереу кері жүгіріп Икриманың  (радиаллаһу анһ) жанына келдім, суды оған соза бергенімде оның да шәхид кеткенін көрдім. Тым болмаса ағамның ұлы Хариске үлгерейін дедім де жүгіріп келдім, алайда не шара,  ол да оттай ыстық құмның үстінде жатып, жан тапсырып, шәхид болды.