Untitled Document

Күннің тарихы... Бауыржан Момышұлы

1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. 1936 жылы Қызыл армияның қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады.

Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальоны, бұдан кейін полк командирі болған. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде батыр Бауыржан өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Оның атақ, даңқы, батырлығы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында кеңінен суреттеледі. Аталған кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз және өзге де шетел тілдеріне аударылған. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмысқа бет бұрады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін туындыларына арқау етеді. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталған. Кеңес Одағының батыры атағын алды. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Н.Назарбаевтың жарлығымен Б.Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді. Батыр Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда өмірден өткен.