Untitled Document

Күннің тарихы... Имам Ғазали

Хазіреті Имам Ғазали (рахметуллаһи алейһ) ислам ғалымдарының ең ұлыларының бірі. Өмірін Исламның әмірі мен тыйымдарын үйрену және үйретумен өткізген хазіреті Имам Ғазали 1058 жылы Ирандағы Мешхед қаласының Ғазал ауылында туылған. 1111 жылы жәмазил-әууәл айының 14-іне, дүйсенбі күні сол жерде қайтыс болған.

Бөлмесінде намаз оқып жатқанда, әдеттегіден ұзаққа созылғаны үшін, жақындары алаңдайды. Ішке кіргенінде хазіреті Имам Ғазалидің, кебінін киіп, жүзін қыблаға қаратып, жан тапсырғанын көреді.

Хазіреті Имам Ғазали мүжтәһид ғалым болған. Өте көп кітап жазған. Кітаптарының көптігі соншалық, өміріне бөлінетін болса, күніне 18 беттен түседі. Бағдатта Низамия Университетінде мүдәррис, яғни оқытушы болған. Кейінірек Шамда және Нишапурда да мүдәрристік қызметін жалғастырған. «Ихйа» және «Кимия-и Саадат» атты кітаптары өте құнды.

Ғибрат...Екі нәрсені мүлдем ұмытпа!

Үндістан әулиелерінен Фәтхуллаһ Әудәһи (рахметуллаһи алейһ) бір шәкіртіне былай деп насихат айтады:

– Балам, мына екі нәрсені мүлдем ұмытпа! Біріншісі «Аллаһу та’ала», әр мезетте оған мұқтажсың. Екіншісі «Өлім». Өлімді де ешқашан ұмытпа.

Кейін тағы былай деді:

– Екі нәрсені тез ұмыт балам, мүлдем есіңе алма! Біріншісі «Жасаған жақсылықтарың», екіншісі «Саған жасалған жамандықтар», бұларды тез ұмытатын бол! Пайғамбарымыз: «Мүминнің жақсылығын ұмытып, жамандығын есіне алатын адамды Аллаһу та’ала жақсы көрмейді» деген.