Сұхбат... Алғашқы мұсылман
Хазірет Хадишадан кейін алғаш мұсылман болған пайғамбарымыздың жақын жолдастарының бірі хазреті Әбу Бәкір еді. Хазреті Әбу Бәкір жиырма жыл бұрын бір түс көрген болатын. Көктен толған ай түсіп, Қағбаға келген, парша-парша болып бөлініп, әр паршасы Меккедегі әр үйдің төбесіне түсіп, содан соң бұл паршалар қайтадан жиналып, бірігіп көкке көтеріледі. Ал, Әбу Бәкірдің үйіне түскен паршасы көкке көтерілмейді. Мұны көрген Әбу Бәкір дереу үйдің есігін жауып, бұл айдың кетуіне кедергі жасайды.
Әбу Бәкір оянып, таңертең дереу бір яһуди ғалымына барып түсін айтады. Ол ғалым: «Бұл шатасқан түстердің бірі. Сондықтан оны жоруға болмайды» дейді. Бірақ, бұл түс Әбу Бәкірдің ойынан кетпей, яһудидің жауабына қанағаттанбайды. Бірде саудаға барғанда дінбасы Бахираның өлкесіне жолы түскен болатын. Көрген түсін Бахирадан жорып беруді сұрағанда Бахира «Сен қай жақтансың?» деп сұрайды. Хазреті Әбу Бәкір: «Құрайыштанмын» дегенде Бахира: «Сол жерден бір пайғамбар шығады және тура жолының нұры Меккенің барлық жеріне таралады. Сен Оның уәзірі, қайтыс болғаннан кейін халифасы боласың» дейді. Әбу Бәкір бұл жауапқа қатты таңырқайды. Бұл түсі туралы ол пайғамбарымыздың пайғамбарлығы білдірілгенге дейін ешкімге айтпайды.
Мұхаммед алейһиссалам пайғамбарлығын айтқан кезде хазреті Әбу Бәкір дереу пайғамбарымызға жүгіріп барып: «Пайғамбарлардың өздерінің пайғамбар екендіктеріне дәлелдері бар, сенің дәлелің не?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Әлгі сенің көрген түсің пайғамбарлығыма дәлел. Бір ғалым: «Шатасқан түс, жорылмайды» деді. Содан соң дінбасы Бахира дұрыс жорып берді» деп хазреті Әбу Бәкірге қарап: «Ей, Әбу Бәкір! Сені Аллаһқа және Расулына шақырамын» деді.
Сол кезде Әбу Бәкір: «Куәлік етемін, сен Аллаһу Та’аланың Расулысың, сенің пайғамбарлығың ақиқат және әлемді жарқыратқан нұр» деп мұсылман болды.