Психология... Кез келген адамның бәсекелесі болады.
Қазақ аяқтан шалуға тырысып бағатын адамдарды “дұшпан” деп атайды. Дұшпанымен айғайласу ешкімге абырой әкелмейді. Әліптің артын бағуды құп көретін ақылды адамдар бәсекелесіне қалай жауап қайтарады екен?
Үнсіздік. Егер сізді біреу іштей ұнатпаса, сізге болмашы нәрсе үшін килігіп тиісе беретін болса үнсіз қалып, іштей сабыр сақтағаныңыз жөн.
Төзімді болу. Сізді жек көретін жан үнемі жаныңызға жара салумен болады. Өйткені ол сізді ұнатпайды, сіз отырған жерге барғысы келмейді, сізді көргісі жоқ. Бірақ өмір болған соң, кездесуге, сөйлесуге тура келіп жатады.
Сондай сәтте ақылды адамдар төзімді болуға тырысады. Бұл оңай емес, әлбетте. Бірақ төзімді болсаңыз, жүйкеңізге салмақ аз түседі.
Сыпайылық. Дұшпаныңызбен сөйлесуге мәжбүр болдыңыз. Сыпайы сөйлеңіз. Егер оған қатты сөйлеп, дауысыңызды көтерсеңіз, ол да сізді балағаттап тастауы мүмкін. Ақылды адамдар бәсекелесімен мейлінше сыпайы сөйлесуге тырысады.
Терең тыныстау. Жағымсыз оқиға болған кезде үзіліс алыңыз да, терең тыныстаңыз. Бұл – психология ғылымы миға пайда әкелетінін дәлелдеген ғаламат әдіс.
Сенбесеңіз, орындап көріңіз. Ақылды адамдар ашуға мінбестен бұрын бір рет ауаны көбірек жұтып, сабырға келеді.
Қашықтық. Ақылды адамдар өзіне ұнамайтын жандардан алшақ жүргенді құп көреді. Ол өз жөнімен жүре берсін, сіз өз жолыңызды табыңыз.
Қайта кіретін есікті қатты жабуға болмайды. Ешкім алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Бәлкім бәсекелесіңізбен болашақта туыс болып қаларсыз? Балаларыңыз бір-бірін ұнатып қалса ше? Тағдырдың қандай тосын сый дайындап қойғанын білмейсіз. Сондықтан қатты сөз айтудан тыйылып, көбіне одан қашық жүріңіз.