Күннің тарихы... Абдулхаким Арваси
-
Абдулхаким Арваси хазрет захир және батын ғылымдарында кәміл және төрт мазһабтың фиқһ білімдерін жетік меңгерген ұлы ислам ғалымы еді. Хижра бойынша 1281 ж. (м.1865) Башқалада дүниеге келді. 27 қараша 1943 ж. Анкарада қайтыс болды. Қабірі Анкараның маңындағы Бағлұм ауданында. Пайғамбар ұрпағы сәйид екендігі Ирактағы Шариғат сот дәптерінде жазулы. Абдулхаким Арваси хазрет сол кездің білім және ғылым орталығы болған Ирактың бірнеше жерлерінде үлкен ғалымдардан сарф, нахв, лұғат, мантық, мүназара, баян, риязия, һандәсә, мәани, бәди, кәлам, тәфсир, хадис, фиқһ, тасаууф сияқты ілімдерді оқып, 1883 ж. ижазат (диплом) алып мемлекетіне оралды.
1914 ж. Ресей патшалығы Осман мемлекетінің шығыс аймақтарына армян шапқыншылары көмегімен басып кіргенде хижрет етіп, Ирак, Адана, Ескішехир жолымен Стамбұлға келді. Әйюб Сұлтан ауданына орналасты. 1919 ж. Медресе-тул Мутахассисин (арнайы мамандар мектебі) оқу орнына, мударрис (профессор) болып тағайындалды. Стамбұлда көптеген мешіттерде жылдар бойы дәріс берді. Көптеген кереметтері көрінді. Университет жетекшілері, ғылым және дәулет адамдары шешілмес деп ойлаған қиын мәселелерді сұрауға келіп, жанында сағаттап отырып, кейде сұрамай-ақ жауабын алып кері қайтатын еді.
Өте қарапайым және кішіпейіл еді. Сұралған мәселелерге үлкен ғалымдардың кітаптарынан жауап беретін. Тамақтануы, ішуі, жатуы, сөйлеуі, үндемей отыруы, күлуі, жылауы, барлығы дініміздің үкімдеріне дәлме дәл сәйкес еді.
Саясатқа мүлдем араласпады. Үкіметке қарсы келгендерден, бүлік, бөлушілік шығарғандардан жиеркенетін еді. Бұзылған тариқатшылар және сауатсыз молдалармен мүлдем кездеспейтін, жастарды, ислам білімдерін үйренуге, бәріне жақсылық істеуге, мемлекетке, ұлтына, еліне пайдалы болуға уағыздайтын еді.