Оқиға... Қайырсыз әке-қадірсіз (2)
Кешегі мен тастап кеткен үш балам да ер жетті. Екі ұл Алматыда, бір тал қызым Қаскелеңде тұрады. Аналары қайтыс болған соң үлкен ұл мені аяп, өзі келіп, қолына алып кеткен болатын. Жастайынан қарайласпаған маған келін жылы қабақ таныта қоймады. Біраз тұрып, екінші ұлдың қолына бардым. Ол үйде де, мен үшін жиі ренжісіп қалатындарын байқадым. Бірде жаңжал үстінде келіннің« кезінде тастап кеткен әкеңді сен неге бағуың тиіс, қызына барсын» деген сөзін естіп қалдым. Содан киімдерімді жинап қызымда біраз болдым. Қыздың аты қыз ғой асты- үстіме түседі. Бірақ күйеу баланың қабағын қашанғы аңдиын, ауылға қайта оралдым. Қартайғанда қадірім қашып, керексіз етіп тастап кеткен балаларым кешіргенімен, көңілдерінде кірбің барын сеземін. Тура жолдан таймай, отбасымды асырап жеткізсем, мүмкін балаларым да, келіндерім де басқаша қарар ма еді.
Оларға қандай өкпе айтамын. Ауылда жағдай жаман емес, пенсиям бар. Отын суыма, шайлығыма жетеді. Қызым келіп кет деген соң қызыма шыққан бетім ғой. Дүние алма кезек балаларым, не ексең соны орасың, екеуіңнің жұптарың жазылмасын. Бала- шағаларыңның қызығын көруге жазсын»деп ата сөзін аяқтады. Атаны бір жағынан қылығына қарай жек көрсем де, мына жұпыны түрін көріп аяп кеттім. Жолдасымның кимей жүрген тоны бар еді, соны кигізіп едім жараса кетті. Жолдасымның киімдерін қопарып, тағы да бір шалбар, үстіне жемпір тауып кигіздім. Қыздың жүрегі нәзік ғой ата, сізді жақсы жағынан көрсін, немерелеріңіздің алдында қалыпты жағдайда көрініңіз, немерелеріңізге апарыңыз деп кәмпит-сәмпит салып беріп, жолдасым автобусқа отырғызып жіберді. Ата алғысын жаудырып, батасын беріп жатыр! О Жаратқан, тәубесіне келген құлыңның нығметін арттыра көр! Бұл кісінің жіберген қателігі біреулерге сабақ болар деген ниетте жазып отырмын. Аллаһу та’ала біздерді бала-шағаның алдында әдемі қартаюды нәсіп етсін!