Сұхбат... Әзілдесу (пранк)
«Пранк» деп адамды ыңғайсыз әрі орынсыз жағдайға қою, алдау мақсатында әзілдеуге айтылады. Осындай әзіл-қалжың өткізетін, ұйымдастыратын адамды пранкер (әзілқой) деп атайды.
Ислам дінінде өзге адамды қорқытуға рұқсат етілмейді.
Хадистердің бірінде мынадай оқиға сипатталады. Сахабалар Пайғамбарымызбен алейһиссалам бірге сапарда жүрген кезде олардың бірі ұйықтап қалады. Оның ұйықтап жатқанын көрген тағы бірі әзілдемек болып оның жебесін жасырады. Әлгі сахаба ұйқыдан тұрғанда жебесін таппай қатты қорқады. Сол кезде маңайында тұрған сахабалардың бәрі күледі. Бұл жағдайды естіген Расулуллаһ алейһиссалам: «Мұсылман адамның басқа мұсылманды қорқытуына болмайды», – деп насихат айтады (Әбу Дауд).
Имам Зәркаши (рахметуллаһи алейһ) бұл мәселені: «Әзіл ретінде біреуге тиесілі затты алу – харам. Затын қайтарып беру мақсатымен болсын, оны иесінен сұрамай, әзілдеп алуға тыйым салынады. Сондай-ақ бұл іс шын деп қабылданады. Себебі мұсылман бауыры затын жоғалтып алдым деп ойлауы мүмкін. Ал бұл нәрсе оны қорқытады», – деп түсіндіреді.
Оның үстіне өтірік, әзіл болса да, өтірік болып қалады. Қалжыңдаса да, өтірік айтпау керек. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Адамдарды күлдіру үшін өтірік айтқан кісінің соры құрсын, соры құрсын!» – деген (Әбу Дауд). Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһисаалам былай деген: «Ақиқатында, біреуді келеке еткен адамдарға жәннаттың қақпаларын ашып, олардың біріне: «Мұнда кел», – дейді. Уайымдап қақпаның жанына жеткенде, оны жауып тастайды. Сосын басқа қақпаны ашып: «Тезірек мұнда кел», – деп оған шақырады. Қайғырып қақпаға жақындағанда, оны тағы жауып тастайды. «Мұнда кел» деген сөзді естіп, ашық тұрған қақпаға барудан бас тартпайынша, осылай жалғаса береді» (Ибн Әбу Дуния).
Сондай-ақ шамадан тыс күлкі, орынсыз әзіл-қалжың Аллаһу та'аланы еске алудан және дін қамынан тосады, жүректі қатайтады, жәбірлеу мен өшпенділікке алып барады, адамның қадір-қасиетін кетіреді.