Untitled Document

Күннің тарихы... Ұлттық валюта күні

Бүгін – ҚР ұлттық валютасы теңгенің туған күні. Бұл дата 1997 жылдың 15 қарашасынан бастап теңгенің туған күні әрі қаржыгерлер күні болып атап өтілуде.

Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстаның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын.

Отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов Англияда қазақ валютасының дизайнындағы портретін бекітті. Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген. Осылайша, теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шықты. Сондай-ақ, жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныстар болған.  Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейіннен жаңа ақшаны ХV ғасырда Отырар қаласында «таньга» атауымен басылып шыққан манетаға ұқсастырып «теңге» деп атау туралы шешім қабылданған. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылып, 15 қараша ұлттық валютамыз айналымға енгізілді.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. Айта кетейік, қазақстандық ақша әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі болып табылады. Үш жыл қатарынан олар әлемнің үздіктері деп танылды: 2011, 2012 және 2013 жылдары (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар).