Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Тілге ие болу

Тіліне ие болмаған адамды шайтан әрқалай ойнатады. Үлкен құздың шетіне келтіріп құлатады, пәлекеттерге душар қылады. Адам тіліне ахлақ тізгінін тақса, дүние және ахырет бақытына қауышады. Егер бос қалдырса зияндарға  ұшырайды.

Мүшелердің ең көп қарсы шығатыны тіл. Қалаған тарапына оңай кете алады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге мынадай деп жалбарынады: Біздің атымыздан сөйлегенде Аллаһтан қорық, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз». (Тирмизи) 

Хазреті Лұқманға «Бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрағанда «Дұрыс сөйлеу, аманатқа қиянат етпеу және пайдасыз сөздерді тәрк етумен жеттім» деп жауап береді. 

Әһли хикмет ғұламалардың айтқандары:

Адамның жаһил (надан) екендігінің белгілері мыналар: Жанды-жансыз барлық нәрсеге ашуланады. Сыр сақтай алмайды. Ақшасын орынды жарата алмайды. Бәріне сене береді. Досын дұшпанынан ажырата алмайды. Жаман адамдармен достық құрады.

Үндемеу хикмет, жақсы қасиет. Тілдің үндемеуі көңілдің үндемеуіне, ал көңілдің үндемеуі Раббысының кешіріміне себеп болады. Адамның амандығы тілін қорғауында. Қалам да екінші тіл деген сөз.

Тіл жыртқыш жануарға ұқсайды, еркіне жіберілсе иесін талайды. Үндемеген адам қатеге түсуден, өтіріктен, өсектен, сөз тасудан, өзін мақтаудан, бос сөйлеуден және тағы көптеген тіл апаттарынан құтылады.