Untitled Document

Тарихи тұлға... Ыбырай Алтынсарин

Қазақ Ы.Алтынсаринды ағартушы-педагог, ақын, жазушы, этнограф ретінде таниды. Қазақ даласында алғаш мектеп ашқан адам ретінде біледі.  Ол 1841 жылы Қостанай облысында дүниеге келген.  Ыбырайдың әкесі Алтынсары молдадан сауат ашқан қарапайым жан болса, анасы Аймен ертегілер мен жырларды жатқа білетін көкірегі ояу, сауатты адам болыпты. Алтынсары 1844 жылы көтерілісшілердің қолынан қаза табады да, Ыбырай атасы Балқожа бидің қолында өседі. Балқожа би ұзақ уақыт қыпшақ руына старшын болған, бай, елге сыйлы, беделді кісі екен. Балқожа би ақын жырауларды төңірегіне жинап өзі де өлең жазған, яғни Ыбырай бала кезінен туған халқының мәдениеті мен әдебиетіне сусындаған. Білімнің парқын білген Балқожа Жаңбыршин табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біліп, кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп отырған қазақ-орыс мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда қызмет етіп, шенеунік, орысша оқыған төре болып шығуы еді. Балқожа би оқудағы Ыбырайға хат жолдап, бір Құдайға тапсырғанын былай суреттейді:

Үміт еткен көзімнің нұры – балам,
Жаныңа жәрдем болсын Хақ та’алам.
Атаң мұнда анаңмен аман-есен,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Надан боп білмей қалсаң “аһ” ұрарсың,
Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында,
Жүргенмен не мұратқа жетер едің
– дейді.

Ата үміті ақталды. Білімге құштар тоғыз жасар Ыбырай мектепті алтын белгіге бітіріп, мектеп әкімшілігінен бірнеше рет алғыс хат алып, мақтау қағаздармен марапатталады. Ыбырай орыс, татар, араб, парсы тілдерінде еркін сөйлеген.