Untitled Document

Сұхбат ... Аллаһты жақсы көрудің жолы

Хазреті Хусейн Хилми Истанбули былай деген:

Ғибадаттардың және дүние істерінің пайдалы әрі берекелі болуы үшін оларды тек Аллаһ үшін жасау, Аллаһ үшін табу және Аллаһ үшін беру керек, қысқасы ықыласты болу керек. Ықылас дегеніміз Аллаһу та’аланы жақсы көру және тек Аллаһ үшін жақсы көру дегенді білдіреді. Адам жақсы көретін нәрсесін көп еске алады. Жүрек әрдайым Оны зікір етіп, еске алады.

Аллаһу та’аланы жақсы көретіндердің Оны көп еске алуы керек, әрдайым жүрегімен Оны зікір етуі тиіс. Бұл жөнінде Құран кәрімде: «Аллаһу та’аланы көп зікір етіңдер!» деп бұйырылды.

«Кунуз-уд-дақаиқ» кітабындағы хадис шәрифтерде былай делінген:

«Дәрежелері ең биік болғандар – Аллаһу та’аланы зікір еткендер».

«Аллаһу та’аланы жақсы көрудің белгісі – Оны зікір етуді жақсы көру».

Аллаһу та’аланы көп зікір ете алудың жолдарын тасаууф ғалымдары білдірген. Бұл жолдардың ең оңайы Кәміл ғалым (мүршид) тауып, оны жақсы көріп, құрметтеп, оның жүрегінен келетін фәйздарды (имандылық нұры) алу. Кәміл ғалым дегеніміз өзінен алдыңғы кәміл ғалымнан фәйз алып, оған ұқсап фәйз бере алатын қасиетке қол жеткізген ислам ғалымы дегенді білдіреді. Бұл қасиетке қол жеткізгендігі кәміл ұстазы тарапынан өзіне жазулы түрде білдіріледі. Кәміл ғалымдардың бір-бірінен фәйз алулары шынжырдың сақиналары секілді жалғасып Расуллуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманына дейін жетеді. Яғни бір кәміл ғалым Расуллуллаһтан бастап ұстаздары арқылы өзінің жүрегіне келіп жатқан фәйздерді, хәлдерді, берекеттерді басқалардың жүректеріне өткізуде.