Untitled Document

Кәсіпкерлік... Жапондық кәсіпкердің жетістік тарихы (1)

Panasonic, National және Technics брендтерімен танымал «Мацусита Электрик» деген жапон фирмасының негізін қалаушы, аты аңызға айналған Коносуке Мацусита өз дәуірінің ең озық кәсіпкері, бизнес-лидері және инноваторы ретінде мысал бола алады.

Коносуке Мацусита мектепті тастап, 9 жасынан жұмыс істеуге мәжбүр болған. Алты жыл бойы велосипед шеберханасында көмекші шебер болып жұмыс істеген, кейін Osaka Electric Light Company-ға жұмысқа кіреді. Коносуке Мацусита компания өнімдерінің кемшіліктерін іздеп, жөндеуге тырысатын.

22 жасында ол жаңа құрылымдағы әдемі штепсель айырын жасап шығарады. Бастығы оның кезекті өнертабысын қабылдамағаннан кейін Коносуке Мацусита компаниядан кетуді ұйғарады. Ол өзінің бизнесін бастап, инновациялық электропатрондар шығаруды бастайды. Бизнесті дамытуға бастапқы жарнасы бар-жоғы 100 йенге тең болатын. Өз бизнесін былайша айтқанда нөлден бастаған ол, өмірінің соңына дейін өзін 3 миллиард доллар қаражатпен қамсыздандырады. Ал өзі негізін салған Matsushita Electric Industrial Ltd компаниясының қаражаты 42 миллиард долларға жетеді.

Ол менеджмент шеберлігі жайлы көптеген мақала, кітап жазды. Миллиардер болса да, Коносуке түскен пайдасына қорлар мен бизнес-мектептер ашты. Ол ұсынған бизнес-ережелердің бірі: қалыптасқан нарыққа еніп кету үшін барлығын 30%-ға жақсырақ және 30% арзанырақ жасау керек.

Маtsusita Electric компаниясы ешқашан жаңа өнім шығармаған. Ол нарықта үлкен сұранысқа ие тауарларды жақсартуға және арзандатуға тырысатын. Оның стратегиясы тұтынушылардың қажеттілігін мұқият ескеру мен тауар өтімділігінің жаңа технологиясын іздеуге негізделген.

(жалғасы ертең)