Untitled Document

Сұхбат... Әйелдерге тән мәселелер

Хайз деп – сегiз жасыннан асып тоғыз жасына аяқ басқан денсаулығы дұрыс қыз баладан немесе әдет уақытынан он бес күн өткен әйелден келетін, ең азы үш күнге созылатын қан. Қыз бала алғашқы хайз қанын көргенде балиғат жасына толып, әйел үкiмiн алады да, дiннiң әмiрі мен тыйымдарына жауапты болады. Қан келген уақыттан тоқтаған уақытқа дейiнгi күндердi әдет уақыты деп атайды. Сегiз жасқа толған қызға шешесi, шешесi болмаса әжесi, әпкесi, нағашы әпкесi хайз және нифас жағдайларын үйретуi парыз.

Нифас дегенiмiз – әйел кісіден босанғаннан кейiн келетін қан. Қан тоқтауымен ғұсыл алуы қажет. Ең ұзақ уақыты қырық күн. Қырық күн бiтуiмен қан тоқтамаса да ғұсыл алып, намаз оқуы керек. Қырық күннен кейiн келетін қан истихаза (яғни үзiр) болады. Әйелдердiң нифас күндерiн де жатқа бiлуi керек.

Истихаза (үзiр қаны) – үш күннен, яғни жетпiс екi сағаттан, және де енді басталғандарда он күннен көп жалғасатын бірнеше рет келгендерде әдет уақытынан көп болып, 10 күннен асатын және екiқабат әйелден, 55 жасынан өткен әйелдерден, тоғыз жастан  төмен қыздардан келетін қан. Бұл қан аурудың белгiсi. Қанның ағуы көп уақытқа созылуы қауiптi, бұл кезде дәрiгерге бару керек. Истихаза күндерiнде әйел жиi-жиi мұрны қанаған адам сияқты болып, бұл жағдайда намаз да оқиды, ораза да тұтады.

Хайз және нифас жағдайында әйел кісі намаз оқымайды, ораза тұтпайды. Құран Кәрімді ұстай алмайды. Мешiтке кiре алмайды, Қағбаны тауап ете алмайды. Жыныстық қатынаста бола алмайды. Тазаланған соң бұл күндердің оразаларының қазасын тұтады, бірақ намаздарының қазасын оқымайды. Әйел кiсi хайзының басталуын өз ерiне бiлдiруi керек. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай дейдi: «Хайзының басталуын және бiтуiн өз ерiнен жасырған әйел малғұн». Хайз және нифас тоқтауымен дереу ғұсыл алып шомылу парыз.