Untitled Document

Сұхбат... Басшыларға насихат

Хадис шәрифте «Бір қауымның мырзасы оларға қызмет еткен адам» делінеді. Бір ретінде Ибраһим Хаууас хазрет шәкіртімен жолға шығарда оған: «Бір немесе бірнеше адам сапарға шыққанда іштерінен біреуінің әмір (басшы) болып тағайындалуы керек. Сен боласың ба, әлде мен болайын ба?» деп сұрайды. Шәкірті «Әстағфируллаһ ұстаз, сіз болыңыз әрине» дейді. Біршама жол жүргеннен кейін шәкіртіне «Сен отыр» деп өзі отын жинап, от жағып тамақ дайындайды. Шәкірті «ұстаз мен істейін» десе де, «жоқ әмір менмін, мен істеймін, сен жатып демалып ал» деп сыртындағы шапанын оның үстіне жабады. Сапардың соңына дейін осылай жалғасады. Қалаға жеткеннен кейін: «Сен де адамдардың басына өткеніңде осылай жаса, басшы бұйрық беруші емес, қол астындағы адамдардың тыныштығын, рахатын, бақытын қамтамасыз ететін, қиыншылықтарын шешетін адам» дейді. 

Басшы қол астындағыларға мейіріммен және әділдікпен мәміле етуі керек. Әділет және мейірім бар болса, қол астындағылар да мойынсұнатын, айтқаныңды ең жақсы түрде бұлжытпай орындайтын болады. Жақсы мәміле және әділет болмаса ренжитіндер шығады, тәртіп бұзылады.

Тарихта болып өткен соғыстарды қарайтын болсақ, көбінесе әскерімен бірге ұрысқа патшалары да қатысқан елдердің жеңістері көп болған. Ал патшалары сарайда қалып әскерін майданға жіберген елдердің жеңілістері көп болған. Барлық істерде де солай. Басшының тікелей іске араласуы, қол астындағылармен бірге болуы, жұмысқа бірге ат салысуы өте маңызды.

Сондай-ақ мансап, лауазым ахиретті ұмытуға себеп болмауы тиіс. Мұсылман дініне мойынсұнған сайын жетістікті, табысты болады. Қиыншылықтардың себебі діннің үкімдерінен алшақтау, күнәға булығу.