Untitled Document

Мақала... Ыбырайды ақтау

Ыбырайды бұл жаладан тек 1923 жылы сол кездегі жас жазушы М.Әуезов “Шолпан” жұрналында “Ыбырай Алтынсарин” атты мақала жазып, қорғап шықты. Онда: «Ыбырай жайында осы күнге шейін тым-тырыс болып келе жатқанының себебі бар шығар. Ол себеп – Ыбырай жайындағы ел арасындағы алып қашпа өсек. Ол өсек, қысқасынан айтқанда, мынау: «Ыбырай орысқа сатылды. Шен алып, шекпен кию үшін Ильминский сияқты қаражүректермен жақын болды. Ақысына қазақ жұртын шоқындырып бермекші болды. Тірі күнінде осы бағытта қызмет қылды. Өлгенде үйінен бір сандық крест шықты. Өзі шоқынған. Аты-жөні Иван Алексеевич еді». Ыбырайға жабатын жаланың түрі осы», - дейді де, жазушы ол кісі туралы өсектің шығуының себебептерін талдап, жоққа шығарды. Мұхтар Әуезов Ыбырайдың өзі өлген соң үйінен шыққан бір сандық крест дегені бір сандық қағаз екенін айтады. Бұл – әрине, Ыбырайдың дұшпандарының, дүмшелердің таратқан өсегі болатын. Осы деректі өз зерттеулерінде журналист Нәзира Жәрімбетова келтіреді.

Ы.Алтынсарин 1889 жылдың 17 шілдесінде 48 жасында дүниеден өтті. Ол туралы «Оренбургский листок» газетінен «Дала уәлаятының газетіне» көшіріп басқан қазанамада Ы.Алтынсаринның ұзаққа созылған өкпе ауруынан қайтыс болғаны айтылған. Ауырған кезінде ешкіммен сөйлеспеген күйі үнсіз жатыпты. Тек жастығының астынан Құдайға жалбарынып, Құранның бір сүресін еске алып, жанына батқан ауруға медет тілеп жазған бір тілім қағаз табылыпты деседі. Жанында болған адамдар «жаназама 100 кісі қатыссын» деп өсиет айтқанын жеткізген. Өзі айтқанындай, Ыбырайдың жаназасына көп адам жиналған. Тіпті қаладан орыс достары арнайы келіпті, кейін Ильминский «Ыбырай Алтынсарин туралы есте қалғандардан» атты кітабын Қазан баспасынан шығартады. Осының өзі Ыбырайды халық ішінде қаншалықты құрметті адам болғанын көрсетке керек.