Untitled Document

Сұхбат... Хазреті Әлидің алтын насихаттары (2)

Үкім шығаратын кезде қарсы алдарыңда достарың болса да, жауларың болса да, әділетпен қараңдар. Ешкімге жақтаспаңдар. Өйткені біз шығарған үкімдерімізге жауап беріп, есепке тартыламыз.

Балаларым! Шаршап тұрғанда да, ширақ кезде де, ғибадаттарыңа немқұрайлы қарамаңдар. Уақыт өте құнды. Уақыттарыңды қадірлеңдер.

Барлық жағдайда Аллаһу та'аладан келгенге разы болыңдар. Сендерге бақыт пен шаттық берсе де, қиыншылық пен ауру берсе де, тағдырларыңа разы болыңдар.

Балаларым! Соңы жәннат болған өмірдің жаманшылығы жоқ. Соңында жәннатқа кіретін өмірде жамандық бола алмайды. Ал соңы тозақ оты болған өмірдің ешқандай қадірі жоқ.

Өзінің кемшіліктері мен нұқсандықтарын білген адам біреулердің кемшіліктер мен нұқсандықтарына қарамайды. Өз кемшілігін кетіруге тырысады. Аллаһу та'аланың оған бергеніне разы болған адам қайғырып жүрмейді.

Балаларым! Кімде-кім тәкәппарланса төмен адам болады, кімде-кім тек ақылына жүгінсе өкінеді. Көп сөйлегеннің көп қателігі болады. Перзентке қалдырылатын ең жақсы мұра – көркем мінез бен әдептілік.

Ғибрат ...Илаһи сыр

Аллаһу Та’ала илаһи сырларды білдірмейінше оны періштелер де білмейді. Илаһи сырлар тұрғысындағы әлсіздігін білетін Әзірейілден Аллаһу Та’ала сұрайды:

- Осынша уақыт жан алып келдің. Ең көп кімге жаның ашыды?

- Иә, Раббым, бір рет теңіз бетінде қолында баласы бар әйелдің жанын алып, тақтайдың үстінде қалдырып кеткен балаға қатты жаным ашыды.

- Осынша жан алдың. Кімнің жанын алған кезде қатты қуандың?

- Бір залым билеуші бар болатын. Жан-жағын қырған болатын. Соның жанын алғанда қуандым.

- Сен қуанған билеуші баяғыда теңізге қалдырып кеткен баяғы бала болатын.