Untitled Document

Сұхбат... Хазреті Әлидің алтын насихаттары (1)

Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) Расулуллаһтың күйеу баласы және көкесінің ұлы. Әһли бәйттің біріншісі. Аллаһу та'аланың арыстаны болған осы тұлға қастандыққа ұшырап, ауыр жаралы күйде үйіне жатқызылды. Шәһид болудан бұрын балаларын жинап, оларға насихат айтты. Бірақ негізінде ол бәрімізге айтылған насихаттар. Хазреті Әлидің алтын насихаттары:

Балаларым! Жалғыз қалған кезде де, адамдар арасында да, әрдайым Аллаһтан қорқыңдар, тақуалықты ұстаныңдар. Өйткені Раббыларың әрдайым сендерді және істегендеріңді көреді. Бір бәдәуи пайғамбарымызға (алейһиссалам) келіп: «Мен көп күнә істедім. Тәубем қабыл бола ма?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Тәубе есіктері ашық. Тәубенің шарттары орындалса, барлық күнәлар кешіріледі» деп жауаптайды. Әлгі адам бұл сүйіншіні алған соң тағы: «Ол күнәларды істеген кезде Раббым мені көріп тұрды ма?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз «Иә» дегенде ол ойбайлап айқайлап жібереді де, сол жерде жанын тапсырады...

Қуанып тұрғанда да, ашуланған кезде де айтқан сөздеріңе абай болыңдар. Әрдайым хақты айтыңдар. Адам ашуланған кезде не айтқанын білмей қалады. Шайтан адамды ең көп алдайтын кезі – оның ашуланып тұрған кезі...

Бай болсаңдар да, кедей болсаңдар да, ысыраптан сақтаныңдар. Ысырап – харам. Бір күні Сад бин Әбу Уаққас (радиаллаһу анһ) өзенде дәрет алады. Суы мол болғандықтан, артығымен қолданады. Негізінде қолданған суы қайтадан өзенге ағып жатқан еді, бірақ сонда да пайғамбарымыз алейһиссалам оған: «Неліктен суды ысырап еттің, ей, Әбу Уаққас?» деп ескерту жасайды.