Untitled Document

Денсаулық... Мисуактың маңызы

Бүгінде медицина тіс саулығы тұрғысында жаңадан шығара бастаған емдеу жолдарын Ислам діні 14 ғасыр бұрын үйреткен. Тістің саулығына өте пайдалы болған мисуак – ең қарапайым және ең жақсы тазалағыш болып табылады. Тістердің шіруінің алдын алу үшін мисуак қолдану өте пайдалы. «Larousse illustre Medical» атты медициналық кітапта: “Барлық тіс пасталары және ұнтақтары тістерге зиянды келеді. Ең дұрысы қатты тіс щеткасын қолдану. Басында тістерді қанатса да қорықпау керек. Ол тістің еттерін күшейтеді, одан кейін қанамайтын болады” деп жазылған.

Тіс пасталары ауыздағы пайдалы, зиянды бүкіл микробтарды өлтіреді. Ал мисуак тек зиянды микробтарды ғана өлтіреді. Мисуак дәреттің сүннеті, ал Шафииде намаздың сүннеті. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мисуак қолданып оқылған намаз мисуаксыз оқылған намаздан  жетпіс есе артық» (И. Нәжжар).

«Егер үмметіме қиындық бермейтінін білгенімде, әр намаз үшін дәрет алуды және әр дәретте мисуак қолдануды әмір етер едім» (Бұхари, Мүслим).

«Ауыздарың – Құранның жолы, оны мисуакпен тазалаңдар» (Әбу Нуайм).

«Пайғамбарлардың бес сүннеті: ұяттылық, жуастық, қан алдыру, мисуак және әдемі иіс» (Табарани).

«Мисуак еркектің сөйлеу әдемілігін арттырады» (И.Адий, Хатиб).

«Мисуак ауызды тазалайды, көздің көруін жақсартады, тіс еттерін күшейтеді, тісті ағартады және құрттауының алдын алады, ас қорытуды жеңілдетеді, асқазанның жұмысын жақсартады, қақырық кетіреді, жақсылықтарды арттырады. Мисуак қолданған адам Аллаһу та’аланы разы етеді, періштелерді қуантады» (Әбу Нуайм).

Мисуактың отыздан астам пайдалары бар. Ең төмені қиыншылықты кетіреді, ең жоғарысы өлім алдында шәһадат калимасын айтуды еске салады. 

Мисуак қолданудың ең аз мөлшері үстіңгі тістерге үш рет, астыңғы тістерге үш реттен сүрту. Мисуак қолданғанда тістердің ішін, сыртын, үсті және астын үйкелеп жүргізу керек. Мисуакты оң қолмен қолданған жөн. Оң қолдың кіші және бас бармағы мисуактың астында, қалған үш саусақ үстінде ұсталады.