Untitled Document

Оқиға... Жер астында 63 жыл

Қожа Ахмет Яссауи хазрет бала кезінен бастап Расулуллаһ алейһиссаламның сүннетіне мойынсұнуға тырысқан. 63 жасқа келгенінде пайғамбарымыздың осы жасында қайтыс болғанын ойлап, жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді. Жер астына бір бөлме жасатады. Шәкірттеріне қайтыс болғанға дейін осы өмір сүрген бөлмесінде дәріс береді. 63 жыл жер астындағы осы бөлмеде өмір сүрген.

Шәкірттерінен Сәйид Мансур ата хазрет ұстазының жер астындағы кішкентай бөлмесін көргенінде алдымен қатты қынжылады. «Осы тар жерде қатты қиын халде болады» деген ой көңілінен өтеді. Осылай ойлап тұрғаны сол еді, ол жердің бірден кең бақша екендігін көреді. Бұл жағдайды көргенде өз-өзіне былай деді:

«Аллаһу та’ала әулиесіне қиыншылық бермейді. Бұл ұлы кісілер көріністе қиыншылықта, олар бұл қиыншылықтардан көп ләззат алады. Аллаһу та’ала бұл мүбәрәк әулие құлы үшін тар бөлмені өте кең етіп береді екен».

 

Жолдағы кедергі

Баяғы заманда бір патша сарайға кіретін жолдың үстіне үлкен тас қойдырып, өзі терезеден бақылап отырады.

Елінің ең бай саудагерлері, сарай қызметшілері жолдағы тасты айналып өтіп кетіп жүреді. Кейбіреулері тасты көріп «Халықтан қаншама салық жинайды, бірақ, жолдарын таза ұстай алмайды» деп патшаны сөгеді.

Осы кезде бір ауыл шаруасы сарайға жеміс, көкөніс алып келе жатып жол ортасындағы тасты қатты қиналып, қара терге түсіп шетке итеріп қояды. Демалып отыра кеткені сол еді, тастың орнынан бір қалта көреді.

Қараса іші толған алтын және бір хат. Хатта: «Бұл алтын тасты жолдан алған адамға берген сыйлығым. Патша».

Осылайша бұл шаруа көпшіліктің елемеген мәселелерінде адамдарға дәріс берді. Мұның сияпатын дүниеде артығымен алды.