Untitled Document

Сұхбат... Ғұсылдың парыздары

 Ханафи мазһабында ғұсылдың парыздары үшеу:

  1. Ауыз ішін шаю. Ауыз ішінде иненiң ұшындай су тимеген жер қалса, тiстерінiң тесiктерiне су тимесе, ғұсыл алған болып есептелмейдi.
  2. Мұрынды шаю. Мұрындағы құрғақ кiрдiң астына және ауыздағы нанның астына су тимесе ғұсыл өтпейді. Ханбали мазһабында ауызды және мұрынды шаю дәретте де, ғұсылда да парыз. Шафии мазһабында болса, ғұсыл алуға ниет ету де парыз.
  3. Дененiң барлық жерiн жуу. Кiндiктiң iшiн, мұрт, қас және сақал, оның астын және шашты жуу парыз. Тырнақта, ерiнде, көз қабағында немесе дененiң қандай да бiр жерiнде су өткiзбейтiн заттар  болатын болса ғұсыл өтпейді.

Ғұсылдың сүннеттерi

   Алдымен қолды жуу.

  1. Әурет  жерлерді жуу.
  2. Дененi нәжістен тазалау. 
  3. Ғұсылдан бұрын дәрет алу, бетті жуып жатқанда ғұсылға ниет ету.
  4. Барлық дененi үш реттен жуу.
  5. Барлық дененi жуған соң екi аяқты жуу.

Ғұсыл қалай алынады?

Сүннетке сай ғұсыл былай алынады:

  1. Таза болса да әуелi екi қолды, содан кейін әурет жерді және дененiң басқа да жерлерiн жуады.
  2. Одан соң толық дәрет алады. Бетті жуып жатқанда ғұсылға ниет етеді. Аяқтың астына су жиналмаса, аяқты да жуады.
  3. Одан соң дененiң барлық жерiне үш рет су құяды. Алдымен басқа, содан соң оң иыққа, кейiн сол иыққа үш реттен су құйылады. Әр құйғанда сол мүшелерге толық су тиюі керек. Бірінші құйғанда ысқылау керек.

Ғұсыл алғаннан кейін қайта дәрет алу мәкрух болады. Бiрақ, ғұсыл алу кезінде дәрет бұзылса, қайта дәрет алу керек.