Untitled Document

Сұхбат... Ғұсыл

Намаздың дұрыс болуы үшiн дәреттiң де, ғұсылдың да дұрыс алынуы керек. Жүнiптiк жыныстық қатынас пен ихтилам (поллюция) арқылы болады. Жүнiп болған әйел және еркек, хайыз немесе нифастан босаған әйелдерге намаз уақытының соңында сол намазды оқитындай уақыт қалғанда ғұсыл алуы парыз болады.

Пайғамбарымыз хадис шәрифте былай деген: «Ғұсыл алу үшін орнынан тұрған адамға денесіндегі түк санындай (яғни өте көп) сауап берiледi. Сонша күнәсi де кешiрiледi. Жәннаттағы дәрежесi жоғарлайды. Ғұсылы үшiн оған берiлетiн сауап дүниедегi барлық нәрседен де артық болады. Аллаһу та’ала перiштелерге «бұл құлыма қараңдар! Түнде менiң әмiрiмдi ойлап, ерінбей жүнiптіктен ғұсыл алып жатыр. Куә болыңдар, бұл құлымның күнәларын кешiремiн» дейдi».

Басқа бiр хадисте: «Жүнiп болғанда жылдам ғұсыл алыңыздар! Өйткенi Кираман кәтибин перiштелерi жүнiп адамға ренжидi, өкпелейдi» делінген. Имам Ғазали айтады: «Қайтыс болған бiр адам түсiмде былай дедi: «Өмірімде аз уақыт жүнiп күйде жүрген едiм. Қазiр ендi үстiме оттан көйлек кигiздi. Әлi де оттамын»- дедi». Бiр хадис шәрифте: «Жанды сүрет, ит және жүнiп адам бар үйге рахмет перiштелерi кiрмейдi» делінді.

Намаз оқитын кез келген адам намаз уақытын жүнiп күйде өткiзсе, қатты азапталады. Сумен жуынуға мүмкiндiгi болмаса, тәйәммум алуы керек. Жүнiп болған адамдар төмендегi нәрселердi iстей алмайды: 1) Ешбір намаз оқи алмайды, 2) Құран кәрiмдi ұстай алмайды, 3) Қағбаны тауап ете алмайды, 4) Мешiтке кiре алмайды.