Untitled Document

Сұхбат... Үш рахмет

Сүйікті пайғамбарымыз: «Аллаһтың сүйіспеншілігіне, разылығына қол жеткізгілерің келсе, алдымен оның құлдарының сүйіспеншілігіне, разылығына қол жеткізіңдер!» «Адамдарға рахмет айтпаған адам Аллаһқа шүкір етпеген болады» деген. Яғни бізге біреу жақсылық жасаса, біз рахмет айтпасақ, Раббымызға шүкір етпеген боламыз. Бізге келген ниғметке себепші болған адамға рахмет айтпайынша, сол ниғмет үшін жасайтын шүкірімізді Аллаһу та’ала қабыл етпейді.

Бірінші кезекте ата-анамызға рахмет айтуымыз керек. Өйткені дүниеге келуімізге себепші болған, әр түрлі қиыншылықтарға шыдап, бізді өсірген, бізге бірінші боп дінімізді үйреткен солар. Оларға рахмет айту дегеніміз олардың көңілдерін алу, қуанту, дінге сай әмірлеріне мойынсұну, оларға қолымыздан келген барлық жақсылықтарды жасау деген сөз. Ата-анаға қарсы шықпау керек. Дінге қайшы болған әмірлерін бір сылтаулармен жолын тауып орындамаған жөн. Бірақ қашанда ата-анаға жылы сөйлеу, оларды ренжітпеу қажет. Ата-ананың дұғалары қайтарылмайды, міндетті түрде қабыл болады. Олардың разылығын, дұғаларын алу перзент үшін бақыт. Сүйікті пайғамбарымыз: «Ата-анасының дұғасын алмаған адам Аллаһтың разылығына қауыша алмайды» деген.

Екінші орында, бізге жұмыс беріп, материалдық ризығымызға себепші болған адамға рахмет айтуымыз керек. Бізге жұмыс берген адамға қарсы шықпау қажет. Нан, суымыздың келуіне себепші адамға қарсы шығу дұрыс емес. Негізінде ризықты беретін Аллаһу та’ала. Күнә істеу және ризығымызға себепші болған адамға рахмет айтпау ризығымыздың азаюына себепші болады. 

Үшінші орында, бізге дінімізді үйреткен ұстазымыздың ақысы. Бұл тек мешіттегі ұстаз емес. Бұл рахмет әһли сүннет ғалымдарының, Сілсілә-и алия ғұламаларының хақысы. Аллаһу та’ала барлығына разы болсын! Қолымыздан келгенше дұға және тәсбих айтып, рухтарына бағыштауға міндеттіміз. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ): «Маған бір сөз үйреткен адамның 40 жыл құлы боламын» деген. Бір әріп, діннің бір үкімін үйреткен адамға 40 жыл құл болса, дінді толығымен үйреткен адамға өмір бойы құл болу да аздық етеді.