Untitled Document

Сұхбат Ата-ананың дұғасын, батасын алу

Өз баласына Ислам дінін, иманды, әһли сүннет ақидасын үйреткен ата-ана одан разы болмайынша, баласы Аллаһу та’аланың сүйікті құлы бола алмайды. Ихсанға (жақсылыққа) қауышудың себебі ата-ананың дұғасы. Ата-анасын ренжіткен, разылығын және дұғаларын алмаған адам өлгенше басын сәждеден көтермесе де тозақтан құтылуы өте қиын. Дін ғұламалары: «Анасын ренжіткен адамға жасалған дұға қабыл болмайды. Ата-анасының дұғасын алмағандар бізден дұға сұрамасын» деп айтқан.

Бір әулие кісі шәкірттерімен бірге отырған кезде шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, пәлен кісі сізден дұға сұрап жатыр» дейді. Ұстазы: «Мен оған дұға етсем, Аллаһу та’ала менің дұғамды қабыл етпейді» дейді. Бүкіл шәкірттері таң қалады. Өйткені әлгі дұға сұраған адам оның жақсы танитын, көп қызмет еткен досы еді. Әулие кісі сөзін былай жалғастырады: «Ол ата-анасының дұғасын алмайды. Олардың дұғасын алмаса, Аллаһ та оған разы болмайды. Аллаһу та’ала разы болмаған кісіге менің дұға еткенімнің не пайдасы бар! Сүйікті пайғамбарымыз: «Ата-анасының дұғасын алмаған адам Аллаһу та’аланың разылығына қауыша алмайды» деген. (Бір шәкіртін көрсетіп) Тек қана осы бауырларыңа дұға етсем қабыл болады. Өйткені анасының оған көп дұға ететінін естідім. Анасы ұлына разы болғандығы соншалық, «Ұлым, саған күндіз жасаған дұғам мені қанағаттандырмауда. Тек саған дұға ету үшін ғана түнде де тұрамын. Йа Раббым, мен бұл ұлыма разымын, сен де оған разы бол! Оның ұстаған тасын алтынға айналдыр, деп дұға етемін» дейді екен. Міне осы бауырларыңа дұға етсем сөзсіз қабыл болады».