Untitled Document

Сұхбат... Мұсылмандардың ақылары мен міндеттері

Мұсылман басқа мұсылман бауырын кемінде өзі сияқты ойлайды. Өзіне жасалуын дұрыс көрмеген, қаламаған нәрселердің басқаларға да жасалуын қаламайды. Хадис шәрифте былай делінген:

«Өзі үшін жақсы көрген нәрсені дін бауыры үшін де жақсы көрмеген адам кәміл мүмин бола алмайды» (Бұхари).

Мұсылман басқаларға жақсы үгіт, насихат береді. Хадис шәрифте: «Сендер дін бауырларыңның айнасысыңдар. Одан байқаған дақты сүртіңдер!» делінген (Әбу Дауд) .

Мұсылман адамдарды қуантуға, көңілін аулауға, мұңын, қайғысын кетіруге тырысады. Хадис шәрифттерде былай делінген:

«Бір мүминді қуантқан адамды Аллаһу та’ала қиямет күні қуантады» (Ибн Мүбәрәк).

«Бір адамның мұңы мен қиыншылығын кетірген немесе бір мазлұмға (зұлымдыққа ұшыраған адамға) жәрдем берген адамды Аллаһу та’ала жетпіс үш рет мағфирет етеді (кешіреді)» (Хараити).

«Аллаһ дәргейіндегі ең жағымды (қабыл болатын) амал – мүминді қуанту, қайғысын кетіру, қарызын өтеу немесе қарнын тойдыру» (Бәйһақи).

Мұсылман бастан-аяқ пайдалы адам деген сөз. Олай болса, басқа мұсылмандарға қолдан келгенше жәрдем беру керек! Хадис шәрифте былай делінген:

«Мына екі нәрседен жаманы жоқ: Аллаһқа ширк қосу және Оның құлдарына зиянды болу. Мына екі қасиеттен асатын үстемдік жоқ: Аллаһқа иман ету және Оның құлдарына пайдалы болу» (Дәйләми).

«Дін бауырының ісіне аздаған уақыт қарасқан адам ол іске көмегі тисе де, тимесе де екі айлық итикафтан (ғибадаттан) көбірек сауап алады» (Хаким).