Untitled Document

Құрбандық ... Құрбандыққа шалынатын мал түрлері және ерекшеліктері

1. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Басқа жануарлардан құрбандық шалуға болмайды.

2. Ұрғашы мал да, еркек мал да құрбандыққа жарайды. Қойдың еркегін және түсінің ағы қарасынан көп болғанын, ал ешкінің ұрғашысын сою сауапты болады. Бағалары бірдей болса, қой сою сиыр союдан да сауаптырақ.

3. Жүні қырқылған қойды құрбандыққа шалу және құрбандық үшін сатып алу мәкрух болады.

4. Қой-ешкі бір, сиыр екі, түйе бес жастан асқан болуы керек. Алты айдан асқан қозы ірі болса, құрбандыққа шалуға болады.         

5. Бір көзі соқыр, ақсақ болып жүре алмайтын, тістерінің жартысы жоқ, құлағының немесе құйрығының басым бөлігі жоқ, бір аяғы шолақ немесе өлейін деп тұрған ауру малды құрбандыққа союға болмайды. 

6. Киік секілді етін жеуге болатын жабайы жануарларды құрбандыққа шалуға болмайды. Жабайы өгіз (буйвол), жабайы түйе (лама) және жабайы қойды да құрбандыққа шалуға болмайды. Шағылысқан (будан) болса, мәселен жабайы қошқар мен үй қойы шағылысса, туған төлі құрбандыққа жарайды. Ал, керісінше жағдайда, яғни теке киікпен шағылысса, туылған төлі құрбандыққа жарамайды, өйткені үкім бойынша анасына қаралады. Анасы үй жануары болса, құрбандыққа болады.

7. Аталық бездері (жұмыртқалары) кішкентай, аналығы буаз, жүндері түлеп кеткен малды құрбандыққа шалу мәкрух болады.

8. Мұрны немесе тілі кесілген немесе көп мөлшері жоқ болған малды құрбандыққа шалуға болмайды.

9. Қой-ешкіде бір, сиырда екі емшегі кесілген болса, құрбандыққа жарамайды, бірақ баласын емізе алатын болса жарайды.

10. Екі құлағы кесілген, біреуі түбінен кесілген, құйрығы кесілген, бір немесе екі құлағы жоқ болған мал құрбандыққа жарамайды.

11. Бір мүшесі сүйегінің бірінші буынына дейін, мысалыға аяғы тізесіне дейін сынған (жұлынған) малды құрбандыққа шалуға болмайды.

12. Құрбандыққа шалынатын өгізге міну немесе оған соқа қосып жер жырту мәкрух болады.