Денсаулық... Ішек – адамның екінші миы: микрофлора көңіл күйге қалай әсер етеді?
Адам көңіл күйінің асқазанмен қандай байланысы болуы мүмкін? Бір қарағанда, бұл екі ұғымның арасында ешқандай ұқсастық жоқ сияқты көрінеді. Алайда соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер ішек пен мидың бір-бірімен үздіксіз байланыста жұмыс істейтінін дәлелдеді. Ғалымдар бұл жүйені «ішек – ми осі» деп атайды. Зерттеулерге сүйенсек, ішекте тіршілік ететін триллиондаған микроағзалар адамның көңіл күйіне, эмоциясына, мінез-құлқына, есте сақтау қабілетіне және тіпті күйзеліске төзімділігіне әсер етуі мүмкін.
Адам ағзасындағы ең көп микроағзалар қай жерде орналасқан?
Адам ағзасында шамамен 30-40 триллион бактерия бар. Олардың басым бөлігі ішекте өмір сүреді. Ғалымдардың айтуынша, ішектегі бактериялардың жалпы салмағы 1-2 килограмға дейін жетуі мүмкін. Бұл бауырдың салмағына жуық көрсеткіш.
Бұрын бактериялар тек ас қорытуға қатысады деген түсінік болған. Қазіргі зерттеулер олардың дәрумендер түзуге, иммундық жүйені реттеуге және жүйке жүйесінің жұмысына қатысатынын көрсетті.
Неліктен ішекті «екінші ми» деп атайды?
Адам миында шамамен 86 миллиард нейрон бар. Ал ішектің жүйке жүйесінде 500 миллионнан астам нейрон орналасқан. Осы себепті ғалымдар ішекті «екінші ми» деп атай бастады.
Ішек пен ми арасындағы байланыс кезбе жүйке арқылы жүзеге асады. Бұл жүйке ми мен ас қорыту жүйесінің арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
Қызығы, бұл байланыс екі бағытта жұмыс істейді.
Мысалы, адам қатты қобалжыса, іші ауыруы мүмкін, қорқыныш кезінде асқазан түйіледі, күйзеліс тәбетті төмендетеді.
2025 жылы жарияланған кешенді ғылыми шолуда депрессия мен мазасыздыққа шалдыққан адамдардың ішек микрофлорасы сау адамдардан айтарлықтай ерекшеленетіні анықталды.
Ашытылған тағамдардың пайдасы бар ма? Ғалымдар ашытылған тағамдардың ішек микрофлорасына оң әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оларға мыналар жатады: айран, йогурт, шұбат, кимчи. 2026 жылы жарияланған сараптамалық мақалада ашытылған тағамдардың мидың жұмысына және көңіл күйге оң әсер етуі мүмкін екені айтылды.