Untitled Document

Денсаулық... Қант диабеті қалай пайда болады?

Қант диабеті – қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауымен сипатталатын ауру.

Қант диабетінің бірнеше түрі бар. Солардың ішінде ең кең таралғаны – 2-типті қант диабеті. АҚШ-та қант диабетімен өмір сүретін адамдардың 90-95%-ында дәл осы түрі кездеседі.

Қалыпты жағдайда ұйқы безі инсулин гормонын бөледі. Инсулин қандағы глюкозаны жасушаларға жеткізіп, оны энергияға айналдырады.

Семіздік кезінде жасушалар инсулинге дұрыс жауап бермейді. Бұл құбылыс инсулинге төзімділік деп аталады. Ұйқыбез көбірек инсулин бөле бастайды. Біраз уақыттан кейін оның мүмкіндігі азайып, қандағы қант деңгейі көтеріледі. Нәтижесінде адамда алдымен предиабет, кейін 2-типті қант диабеті дамиды.

Балалар арасындағы алаңдатарлық жағдай.

Бұрын 2-типті қант диабеті егде жастағы адамдардың ауруы деп саналатын. Алайда соңғы жылдары бұл дерт балалар мен жасөспірімдер арасында да жиілеп кетті.

Мамандардың айтуынша, балалардың аз қимылдауы, компьютер мен смартфон алдында ұзақ отыруы және фастфудқа әуестігі олардың денсаулығына кері әсер етуде. Физикалық белсенділіктің төмен болуы инсулиннің тиімділігін азайтып, артық салмақтың жиналуына әкеледі.

Балалық шақтағы семіздік болашақта қант диабетінің, жүрек ауруларының және бауыр ауруларының дамуына себеп болуы мүмкін.

Қант диабеті ағзаның барлық мүшесіне әсер етеді. Уақыт өте келе қандағы қанттың жоғары болуы қан тамырлары мен жүйке талшықтарын зақымдайды. Соның салдарынан жүрек аурулары, көру қабілетінің төмендеуі, бүйрек жеткіліксіздігі, инсульт, қан айналымының бұзылуы дамуы мүмкін.

Қант диабетінің алдын алудың ең тиімді жолдары: дене салмағын қалыпқа келтіру, дұрыс тамақтану, тәтті сусындарды азайту, күнделікті қозғалысты арттыру, тұрақты дене жаттығуларымен айналысу.