Денсаулық... Семіздік пен қант диабеті: XXI ғасырдың ең үлкен індеті
XXI ғасырда адамзат жұқпалы аурулармен ғана емес, созылмалы дерттердің қарқынды таралуымен де бетпе-бет келді. Солардың ішіндегі ең қауіптілерінің бірі – семіздік пен қант диабеті. Бұл екі ауру бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, ғалымдар оларды кейде «қос індет» деп атайды.
Дүниежүзінде артық салмақ пен семіздікке шалдыққан адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Бұрын бұл мәселе тек ауқатты елдерге тән деп есептелсе, бүгінде ол барлық мемлекеттерге ортақ проблемаға айналды. Қазіргі зерттеулер семіздіктің жүрек-қан тамырлары ауруларына, қатерлі ісікке, бауыр ауруларына және 2-типті қант диабетіне тікелей әсер ететінін дәлелдеп отыр.
Семіздік дегеніміз не?
Семіздік – ағзада май тіндерінің шамадан тыс жиналуынан пайда болатын созылмалы ауру. Дәрігерлер адамның дене салмағын бағалау үшін дене салмағының индексін (ДСИ немесе BMI) қолданады.
Дене салмағының индексі 25-тен жоғары болса, артық салмаққа жатады. Ал көрсеткіш 30-дан асқанда семіздік диагнозы қойылады.
Семіздік неге қауіпті?
Ғалымдардың пікірінше, семіздік адамның бүкіл ағзасына әсер етеді.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметтері бойынша, семіздік мынадай аурулардың даму қаупін арттырады: 2-типті қант диабеті, артериялық гипертония, жүрек аурулары, инсульт, бауыр аурулары, бүйрек аурулары, тыныс алу жүйесінің аурулары, буын аурулары, қатерлі ісіктің кейбір түрлері.