Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Жаман мінез және одан құтылудың жолдары

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Адамның денесінде бір ет бөлшегі бар. Ол жақсы болса, бүкіл мүшелер жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл мүшелер бұзық болады. Ол – көңіл (жүрек)» деген. Яғни біз жүрек деп атайтын бір бөлшек етте болатын қуатқа ишарат етілген. Көңілдің жақсы болуы – жаман мінезден тазарып, жақсы мінезбен безенуі дегенді білдіреді.

Мінезді өзгертуге болады. Жаман мінездерден арылып, жақсы мінездермен безену арқылы өз-өзін тәбиелеу мүмкін нәрсе. Хадис шәрифте: «Мінездеріңді жақсартыңдар!» делінген. Ислам мүмкін болмаған нәрселерді әмір етпейді.

Жаман мінездің барлығы үшін ортақ шара – аурудың не екенін және оның зиянын, себебін, оның терісін және оған жасалатын шараның пайдасын білу болып келеді. Кейін бұл ауруды өзінде іздеу, табу, өзіне диагноз қою керек. Бұл диагнозды әркім өзі жасайды. Немесе бір ғалымның, жол көрсетуші мүршидтің айтуымен түсінеді. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Адам өзінің кемшілігін көруі қиын. Сондықтан сенімді досынан сұрап кемшіліктерін білсе болады.

Адамға дұшпандарының айтқан сөздері де өз айыбын, кемшілігін білуіне себеп болады. Өйткені дұшпан адамның айыбын іздеп, бетіне басады. Ал жақсы достар айыбын көрмейді. Біреу хазреті Ибраһим Әдхамға келіп айыбын, кемшілігін айтуы үшін жалынады. «Сен досымсың. Барлық халің, әрекеттерің маған әдемі көрінеді. Кемшілігіңді басқалардан сұра» дейді. Біреудің кемшілігін көргенде оны өзінен іздеп, өзінде де бар болса, одан құтылуға тырысу да жаман мінезден құтылудың шараларына жатады. «Мұсылман – мұсылманның айнасы» хадисінің мағынасы да осы. Яғни өзгенің айыбынан, кемшілігінен өзінің кемшілігін көреді. Иса алейһиссаламнан «бұл көркем мінезді кімнен үйрендің?» дегенде, «Адамдарға қарадым, ұнамаған мінездерді алмадым, ұнағандарын амалға асырдым» дейді. Лұқман Хакимге «Әдепті кімнен үйрендің?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден» деген екен. Сәләф-ус-салихиннің (алғашқы үш ұрпақ мұсылмандар), сахабалардың, әулиелердің (рахметуллаһи та’ала алейһим әжмаин) өмірбаяндарын, бастарынан өткен оқиғаларын оқу да жақсы мінез-құлықты болуға себеп болады.