Untitled Document

Денсаулық... Күніне 10 000 қадам жүру. Ғалымдардың зерттеуі не дейді? (2)

7000 қадам жүрудің нақты пайдасы (сандық көрсеткіштер). Ғалымдар күніне 2000 қадам ғана жасайтын адамдармен салыстырғанда, 7000 қадам жүретіндерде ауру қаупі айтарлықтай төмен екенін дәлелдеді. Нақтырақ айтқанда: Жалпы өлім қаупі 47%-ға төмен; Жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі 25%-ға төмен; Жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұму қаупі 47%-ға төмен; Қатерлі ісіктен қайтыс болу қаупі 37%-ға төмен; 2-типтегі қант диабетінің даму қаупі 14%-ға төмен; Деменцияға шалдығу қаупі 38%-ға төмен; Күйзеліс (стресс) белгілерінің пайда болу қаупі 22%-ға төмен.

(Ескерту: Қатерлі ісіктің пайда болу қаупі де төмендегені байқалды, алайда бұл көрсеткіш статистикалық тұрғыдан аса маңызды деңгейге жетпеген).

Сонда 10 мың қадам ережесінен бас тарту керек пе? Жоқ. Зерттеу авторлары 10 мың қадамның пайдасын мүлде жоққа шығарып отырған жоқ. Керісінше, өте белсенді өмір салтын ұстанатын жандар үшін бұл өте дұрыс бағдар болып қала береді. Алайда, оны барлығы бірдей орындауға тиіс «міндетті шарт» деп қабылдамаған жөн. Зерттеу қорытындысы бойынша, 7000 қадамның өзі денсаулықты жақсартуға толықтай жеткілікті. Бұл әсіресе аз қозғалатын немесе отырып жұмыс істейтін адамдар үшін маңызды: бірден 10 мың қадамды бағындыруға тырысқанша, күнделікті қадам санын біртіндеп, жайлап арттырған әлдеқайда пайдалы. Күніне тек 2000-3000 қадам жүретіндер не істеуі керек?
Мұндай жағдайда барынша көбірек қозғалуға тырысу керек. Зерттеулер көрсеткендей, адамның қадам саны артқан сайын денсаулық көрсеткіштері де жақсара түседі, ал қауіп төндіретін факторлардың деңгейі төмендейді.

Дегенмен, ғалымдар тек қадам саны мен денсаулық нәтижелерінің арасындағы статистикалық байланысты ғана бағалағанын ескерген жөн. Сондықтан зерттеуде «әрбір қосылған 1000 қадам адам өмірін дәл пәлен жылға ұзартады» деген кесімді қорытынды жоқ. Бастысы – күнделікті тұрақты қозғалыс.