Untitled Document

Денсаулық... Күніне 10 000 қадам жүру. Ғалымдардың зерттеуі не дейді? (1)

Ұзақ жылдар бойы салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін «күніне 10 мың қадам жүру» бұлжымас ереже болып келді. Алайда бұл межені бағындыру міндетті емес. 2025 жылы жарияланған жаңа зерттеулер күніне небәрі 7000 қадам жасаудың өзі ағзаға орасан зор пайда әкелетінін дәлелдеп отыр. Тіпті күнделікті белсенділігіңіз бұдан да төмен болса, уайымдаудың қажеті жоқ. Себебі, күнделікті нормаға қосылған әрбір 1000 қадам өлім қаупін азайтып, ғұмырыңызды ұзартуға септігін тигізеді.

Зерттеу қалай жүргізілді? Бұл сауалға нақты жауап табу үшін ғалымдар 2014 жылдың қаңтары мен 2025 жылдың ақпаны аралығында жарық көрген ғылыми еңбектерге сараптама жасады. Беделді The Lancet Public Health журналында жарияланған жүйелі шолу мен метаталдауға жалпы саны 35 когортты қамтитын 57 зерттеу жұмысы енгізілген.

Зерттеу барысында мамандар күнделікті қадам саны мен түрлі қауіпті кеселдер (жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, 2-типтегі қант диабеті, деменция), сондай-ақ жан саулығы, дене белсенділігі және жалпы өлім-жітім арасындағы тікелей байланысты зерттеді. Нәтижесінде, денсаулықты қалыпты ұстап, түрлі аурулардың қаупін азайту үшін ең тиімді шек – күніне 5000 мен 7000 қадам аралығы екені анықталды. Яғни, 7000 қадам – денсаулығын күткісі келетін кез келген адам үшін өте қолайлы әрі пайдалы көрсеткіш.

Жалғасы ертең...