Untitled Document

Сұхбат... Қарызын өтей алмағанды қинама!

Баршаға жақсылық жасау, қарыз немесе садақа беру үлкен сауап. Бірақ, өтеуге тырысып, қарызын өтей алмай жүрген кедейлерді қинамау керек. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Қиямет күнінің қиыншылықтарынан құтылуды қалаған адам күнкөрісі төмен, қиналып жүрген кісіге қарыз мерзімін созсын немесе кешірсін!». (Мүслим).

Қарызын шынымен де бере алмай жүргендерге уақыт беру үлкен сауап. Хадис шәрифте былай делінген:

«Қиыншылықтан құтылуды, қалағанына қол жеткізуді және Арштың көлеңкесінде паналауды қалаған адам күнкөрісі төмен адамның қарызының мерзімін созсын немесе ол қарызды кешіріп жіберсін!». (Абдурраззақ).

Әбу Бәкір бин Әли бин Абдуллаһ бір кісінің былай  айтып бергенін жеткізген:

«Бір жұма күні жұма намазын оқуға мешітке барған едім. Алдымдағы сапта байсалды, ықыласты бір кісіні байқадым. Үздіксіз намаз оқып жатқан еді. Жұма намазы басталғанша нәпіл намаз оқыды. Оның айбындылығынан жүрегімде оған деген сүйіспеншілік пайда болды. Кейін жұма намазын оқуға тұрдық. Әлгі кісі абыржыған күйде киіміне бүркеніп, біреуден тығылғандай болды. Намаздан кейін себебін сұрадым. Былай түсіндірді:

- Менің бір кісіге қарызым бар. Осы себептен, ұялғанымнан осылай істеймін.

- Кімге қарызсың.

- Мына артымда тұрған кісіге.

Сөйтсе, алашақты кісі Далеж бин Ахмед хазрет екен. Бұл сөздерді Далеждің сол саптағы досы естіп, барып жағдайды айтып берді. Далеж бин Ахмед ол кісіні үйіне шақырды. Үйіне келгенде дастархан жайып, сый-сияпат көрсетіп, әлгі кісіге:

- Сенің қарызың ұмытылды, - деп қарызды кешіп жіберді. Одан бөлек тағы бес мың дирхам сыйлық беріп:

- Мешітте мені байқап, қарыз болғаныңнан қиналып, абыржығаның үшін кешір, - деген екен».