Тарих... Ежелгі Анадолы (1)
Бүгінгі Түркияны бір ғана «түріктердің тарихы» ретінде емес, қазіргі Түркия аумағының түркілерге дейінгі бірнеше мыңжылдық тарихы ретінде қарастырған дұрыс. Өйткені бүгінгі Түркия жерінде түркілер келгенге дейін хеттер, лувилер, фригиялықтар, лидиялықтар, гректер, парсылар, римдіктер, армяндар және басқа да көптеген халықтар өмір сүрді. Ал олардың өзінен әлдеқайда бұрын бұл жерде алғашқы аңшы-терімші қауымдар мекендеген.
Бүгінгі Түркияның едәуір бөлігін қамтитын түбек тарихи әдебиетте Анадолы, ал грек және кейінгі еуропалық дәстүрде Кіші Азия – Asia Minor деп аталды. «Анадолы» атауы гректің anatolē — «шығыс», дәлірек айтқанда «күн шығатын жақ» деген сөзінен шыққан. Бұл атаудың Византия дәуірінде қолданылғаны белгілі.
Бірақ Анадолы тарихы мұнымен де басталмайды.
Анадолыға алғашқы адамдар қашан келді? Орталық Анадолыдағы Дурсунлу маңынан табылған тас құралдар шамамен 780-990 мың жыл бұрынғы кезеңге жатады. Зерттеушілер бұл құралдарды ерте адам әрекетінің дәлелі ретінде қарастырады. Құралдармен бірге мүйізтұмсық, бегемот және жылқы сияқты жануарлардың қалдықтары табылған.
Демек, қазіргі Түркия аумағында адамзат тарихы бірнеше мың немесе бірнеше он мың жылмен ғана шектелмейді. Оның тамыры жүздеген мың жылға кетеді.
12 мың жыл бұрынғы жұмбақ әлем. Осы кезеңде қазіргі Шанлыурфа маңында адамзат тарихындағы ең ерекше археологиялық ескерткіштердің бірі пайда болды. Ол – Гөбеклітепе (Göbekli Tepe). ЮНЕСКО дерегіне сәйкес, Гөбеклітепедегі монументалды құрылыстар шамамен б.з.д. 9600-8200 жылдар аралығында салынған. Оның әйгілі Т-тәрізді тас бағандарының биіктігі 5,5 метрге дейін жетеді. Бағандарға жылан, түлкі, қабан, құс және басқа да жабайы жануарлардың бейнелері қашалған.
Чатал-Хююк: алғашқы ірі қоныстардың бірі. Адамзат біртіндеп аңшылық пен терімшіліктен отырықшы өмір салтына көшті. Анадолының орталық бөлігінде осы өзгерістің ең көрнекті дәлелдерінің бірі Чатал-Хююк. ЮНЕСКО мәліметі бойынша, Чатал-Хююктің шығыс төбесінде б.з.д. 7400-6200 жылдар аралығына жататын 18 неолиттік мәдени қабат бар. Батыс бөлігі кейінгі халколит дәуіріне жатады.