Сұхбат... Әулиені тану
Сұрақ: Ғалымдар бөлімінде сіз «ұлы әулие» дегенсіз бұны қалай түсінуге болады? Ұлылық тек қана Аллаһқа тән!
Жауап: «Ұлы» сөзінің мағынасын тек Аллаһқа тән деп ойлауыңыз діни тұрғыдан да ақыл тұрғысынан да орынсыз. Араб тілінде «әл-Азым», «әл-Аълаа», «әл-Кәбир», «әл-Кәрим», «әш-Шәриф» сияқты тағы бірнеше кәлима Аллаһ есімінің қасында Оның әр түрлі сипаттарын аңғартумен қатар «ұлы» мағынасында қолданылады. Сонымен қатар бұл кәлималар Құран кәрім үшін, пайғамбар үшін, жансыз заттар, зәулім ғимарат және қалалар үшін, тіпті үлкен күнәлар үшін «әкбәр-ул-кәбаир» деп те қолданылады. Осылардан шыққан «Али» немесе «Әли», «Азым», «Аъзам», «Қажы Әкбәр», «Күбра», «Кәрим», «Шәриф», «Ұлықбек» сияқты есімдердің адамдарға да қойылатыны белгілі. Сондай-ақ «кәбир» сөзінен шығатын «тәкәппар», «кібір» сияқты сипаттармен адамдардың мінездері де сипатталады.
Халық арасында «ұлы күн», «ұлытау», «ұлы отан», «ұлы жүз» және тағы да басқа тіркестер ұлылық сипатының ауыспалы мағынада басқа заттарға да қолданылатынын көрсетуде.
Өз әдебиеті және араб әдебиетінен бейхабар надандар «ұлы», «әулие» секілді сөздерге және ауыспалы мағынада қолданылатын қаншама тіркестерге ақылдары жетпегендіктен болса керек, көп сын айтады. «Адам білмегенінің дұшпаны» деген нақыл сөз ондайлардың жағдайын көрсетеді.
Жоғарыда аталған арабша кәлималар Аллаһу та’аланың 99 есімдеріне жатады. Бірақ мағыналық жағынан адамдардың да кейбір сипаттарын аңғартатындарын адамдарға есім ретінде қоюға болатынын Ислам ғұламалары бір ауыздан айтқан. «Әли», «Рашид», «Алим» сияқтылары бұған мысал болады. (Дүрр-үл-мұхтар).
Дінді ислам ғұламаларының кітаптарынан үйренбей, дүмше мазһабсыздардың далбасаларынан үйренуге тырысқан сауатсыздар да бұл тақырыпта көп мәселелерге тап болып, ақымақша сөз айтып жатқандары соңғы кезде көп кездесетін болды.