Оқиға... Билал Хабеши
Хазреті Билал Хабеши – ұлы сахаба, пайғамбарымыз (алейһисаламның) алғашқы муәззині (азаншысы), мұсылмандықты алғаш қабылдағандардың бірі. Есімі – Билал бин Рәбах, хабешстандық (эфиопиялық), лақаб аты Әбу Абдуллаһ, анасының есімі Хамамә. Туылған жерлері Хабешстан болған, жанұясы Меккеде Бәни Жумһа тайпасының құлы еді. 581 жылы Меккеде туылып, 641 (хижри 20) жылы Шам қаласында қайтыс болды.
Ислам дінінің алғашқы жылдарында Билал Хабәши (радиаллаһу анһ) Меккеде бір кәпірдің құлы болатын. Ешкім жоқ кезде пұтханаға барып пұттарды масқаралап жатқанында пұтхана қызметшісі оны көріп қойып, мүшриктерге айтып береді. Мүшриктер хазреті Билалды ыстық құмға жатқызып, аяқ-қолдарын байлап тастайды. Мұсылмандықтан кайтқанға дейін азаптайтындарын айтады. Ол бұған қарамастан «Аллаһ жалғыз!.. Аллаһ бір!...» деп дінінен қайтпайтынын қайталайтын.
Хазреті Әбу Бәкір хазреті Билалдың қожайынына барып, хазреті Билалды сатып алғысы келетінін айтады. Олар оны сатпайтынын, тек қана Амир деген хазреті Әбу Бәкірдің құлына ауыстыратындарын айтады. Амир – кәпір еді, хазреті Әбу Бәкір оған: «Сен мұсылман бол, бүкіл малыңмен сені азат етейін» дейтін, бірақ Амир сонда да мұсылман болмайтын. Хазреті Әбу Бәкір ренжитін және азат етпейтін. Мүшриктер ұсынған ауыстыру мүмкіншілігін пайдаланып бүкіл мал-мүлкімен бірге Амирды мүшриктерге беріп, хазіреті Билалды мүшриктерден құтқарады. Қолынан ұстап дереу пайғамбарымызға апарып азат еткенін айтады. Пайғамбарымыз қуанып, дұға етті.
Осы оқиғаға байланысты хазреті Әбу Бәкірді мақтайтын «Ләил» сүресінің он сегізінші аяти кәримасы түсті.