Untitled Document

Чайлдфри үкімі

Чайлдфри (ағылш. childfree – «баласыз өмір») – бұл саналы түрде балалы болудан бас тартуды насихаттайтын субмәдениет.

Бүгінде чайлдфри иделогиясы әлеуметтік және мәдени тұрғыдан өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл көзқарасты жақтаушылар балаларды жек көрмейді. Алайда олар көбіне бала тәрбиесіне жұмсалатын шығындардан қашуды, қосымша жауапкершілікті мойнына алмауды, жеке еркіндік пен кәсіби дамуды алдыңғы орынға қоюды, сондай-ақ «менің денем – менің құқығым» деген идеологияны негізгі себеп ретінде алға тартады.

Чайлдфри, яғни саналы түрде балалы болудан бас тарту шариғат тұрғысынан құпталмайды. Бұған төмендегі дәлелдер негіз бола алады:

  1. Бұл идеология адам болмысына (фитрасына) қайшы. Үйлену және ұрпақ сүю – табиғи құбылыс. Аллаһу та’ала қасиетті Құранда: «Адам баласы үшін әйелдерді, балаларды, алтын күмістен жиналған қазыналарды, сәйгүліктерді, малдар және егіндерді құмарта сүю әсем көрсетілген. Бұлар – дүние тіршілігінің қызығы», – деп баяндайды.
  2. Пайғамбарымыз алейһиссаламның сүннетіне қайшы. Неке қию – Пайғамбарымыздың сүннеті. Оның негізгі мақсаттарының бірі – адамзат тегінің сақталуы мен ұрпақтың жалғасуы.

Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Сені жақсы көретін әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер. Өйткені мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбетке мақтанамын», – деген.

Исламда балалы болу – ерлі-зайыптыларға ортақ құқық. Сондықтан олардың бірі бала сүюді қаласа, екінші тарап оған тыйым сала алмайды. Тек бала тәрбиесіне дайындалу немесе денсаулықты қалпына келтіру сынды орынды себептермен жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар чайлдфри идеологиясы отбасы институтын әлсіретіп, қоғам мен ұлттың болашағына кері әсерін тигізеді.

Шешім: 1) Чайлдфри идеологиясы ислам шариғатына, адам табиғатына және неке мақсатына қайшы. 2) Жүктілікті болдырмау немесе кейінге қалдыру тек мәжбүрлі және шариғат талабына қайшы келмейтін жағдайда ғана рұқсат етіледі. 3) Әдейі жүктілікті біржолата болдырмайтын кез келген тәсілдерге тыйым салынады.

muftyat.kz