Тұлға... Ахмет Байтұрсынұлы
1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Алғаш ауыл молдасынан хат танып, кейін Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алады. 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепті тәмамдап, Ақтөбе, Қостанай және Қарқаралы өңірлерінде ұстаздық қызмет атқарады.
Ол қазақ халқының сауатын ашуға ерекше көңіл бөлді. 1912 жылы араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне бейімдеп, жаңа әліпби жасады. Бұл әліпби кейін «Байтұрсын емлесі» немесе «төте жазу» деп аталып, ұзақ жылдар бойы қазақ мектептерінде қолданылды.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалыптастырды. Оның «Тіл-құрал» атты үш бөлімнен тұратын оқулығы қазақ грамматикасының алғашқы ғылыми еңбегі саналады. Сондай-ақ «Әліппе», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар» сияқты оқулықтары арқылы мыңдаған қазақ баласының сауатын ашуға ықпал етті.
Әдебиеттану ғылымына да үлкен үлес қосқан ғалымның «Әдебиет танытқыш» еңбегі қазақ әдебиетінің теориясын жүйелеген тұңғыш ғылыми зерттеу болды. Бүгінде қолданылып жүрген «зат есім», «етістік», «сын есім», «үстеу», «бастауыш», «баяндауыш» сияқты көптеген тілдік терминдерді ғылыми айналымға енгізген де Ахмет Байтұрсынұлы.
1917 жылы құрылған Алаш қозғалысының белсенді мүшесі болған Ахмет Байтұрсынұлы қазақ елінің тәуелсіздігі мен ұлттық мүддесін қорғауға күш салды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де халық ағарту саласында қызмет етіп, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары болды.
Алайда 1929 жылы ол «ұлтшыл» деген жалған айыппен тұтқындалып, жер аударылды. Кейін босатылғанымен, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде қайта ұсталып, 1937 жылдың 8 желтоқсанында ату жазасына кесілді.
1988 жылы Ахмет Байтұрсынұлы толық ақталып, оның есімі халқына қайта оралды.
«Ұлт ұстазы» деген құрметті атпен сақталады.