Untitled Document

Сұхбат... Әулие деп кімді айтады?

Әулиелік Аллаһу та’алаға жақын болу деген мағынаны білдіреді. Бірақ адамдардың Аллаһу та’алаға жақын болуы екі түрде жүзеге асады. Бірінші жақындық Аллаһу та’аланың барлық адамдарға жақын болуы. «Қаф» сүресінің 16-аятында: «Біз оған күре тамырынан да жақынбыз» және «Хадид» сүресінің 4-аятында: «Қай жерде болсаңдар да Аллаһу та’ала сендермен бірге» деп бұйырылған. Екінші жақындық – Аллаһу та’аланың адамдардан тек ұлыларына және періштелерге жақындығы. «Алақ» сүресінің соңғы аятында «Сәжде ет те, Аллаһу та’алаға жақында!» деп бұйырылады. Жоғарыда келтірілген қудси хадисте: «Құлым маған нәпіл ғибадаттар жасап соншалықты жақындайды, оны жақсы көремін...» деген. Осы аят пен хадисте білдірілген жақындық тек таңдаулы, жоғары жаратылыстағы ұлы адамдарда туындайды. Бұл жақындық «Уилаят», яғни «әулиелік» деп аталады. Осы жақындыққа жету үшін алдымен әһли сүннет сеніміне сай иманға ие болу керек. «Али Имран» сүресінің 68-аятында: «Аллаһу та’ала иман келтіргендерді жақсы көреді» делінген. Алайда, мүминдердің ішіндегі таңдаулыларын қатты жақсы көреді. Жаратқанның барлық мүминді жақсы көруі «уилаят-и амма» (жалпы әулиелік) деп аталады. Таңдаулы мүминдерді жақсы көруі «уилаят-и хасса» (ерекше әулиелік) деп аталады. Жоғарыда атап өткен қудси хадисте келген сүйіспеншілік осы. Бұл сүйіспеншіліктің де дәрежелері бар.

Аллаһу та’аланың құлдарына деген осы екі жақындығы аяти кәрима және хадис шәрифтермен білдірілгендіктен екеуіне сену уәжіп болады. Аллаһу та’аланың бізді көріп тұрғанына сенетініміз сияқты оның бізге деген осы екі жақындығына да сенуіміз керек.

Толық тақуалық тек әулиеде болады. Қызғану, кек сақтау, тәкаппарлық, атаққұмарлық сияқты нәпсінің жаман сипаттары толығымен жойылмайынша толық тақуалыққа қол жеткізуге болмайды. Бұлардың түбегейлі тазаруы үшін нәпсінің фәни (өз табиғи сипаттарынан арылып, өздігін жоғалту) болуы шарт. Аллаһу та’алаға деген сүйіспеншілік дүниеліктердің бәрінен артық болмайынша кемел иман және толық тақуалық болмайды.