Untitled Document

Оқиға... Зұлымдықтың зардабын көрмеген адам зұлымдық етеді

Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алдын өмір сүрген Иранның әміршісі Нуширауанның әділдігі бүкіл әлемге тараған еді. Бір күні алдына келген Қытай елшісі мұншалықты әділетті болуының себебін сұрайды. Нуширауан былай деп айтып береді:

«Мен бала кезімде әкем мені оқыту үшін бір мұғалім жалдаған еді. Бір күні ұстазымнан ешқандай себепсіз (ақысыз түрде) таяқ жедім. Бұл оқиғаны ешқашан ұмытпадым. Таққа отырғаннан кейін сол бала кезімдегі ұстазымды шақыртып неге себепсіз ұрғанын сұрадым. Ұстазым ойландыратын жауап берді. Айтқаны мынау еді:

Сарайда, әміріңде қызметшілер, бір қолың майда, бір қолың балда молшылықта өсіп жатқан едің. Не қаласаң алдыңа әкелініп жатты. Әкеңнен кейін сенің әмірші болатыныңды білетін едім. Зұлымдықтың қандай болатынын көрсін, өмірінде бір рет болса да зұлымдықтың зардабын басынан өткізсін, сонда басқаларға зұлымдық етерде зұлымдықтың жамандығы есіне түсер деп ойладым. Өйткені таяқ жеудің ауыртпалығын білмейтін адам басқаға қол көтеруден тайынбайды. Еш қиыншылық көрмей өскен адам мейірімнен мақұрым болады, адамдарға қиыншылық беруді қалыпты нәрсе деп санайды. Кедейлік көрмеген адам сараң болады. Саған бұл сабақ болды. Қазір сен адамдарға жомарттық танытып әділетпен мәміле етудесің».

Әдеп-ахлақ...

Айып іздеу

Бір мұсылманның айыбын ашу ең жаман нәрсе және оның азабы да өте ауыр. Сондықтан ешкімнің құпия нәрселерін іздемеу керек. Пайғамбарымыз:

«Миғраж түнінде бірқатар адамдар көрдім, өте ауыр түрде өз-өздерін азаптап жатқан еді. Жәбрейіл алейһиссаламнан сұрадым: «Ей, Жәбірейіл, бұлардың күнәсі не? Неге өздерін бұлай азаптауда?» Жәбірейіл алейһиссалам «Бұлар басқалардың айыптарын ашқандар» деді».

Мұса пайғамбар Тур Сина тауында «Йа, Раббым! Басқалардың айыбын іздестіріп, әшкерлеген кісінің күнәсі не?» деп сұрағанда Аллаһу та’ала «Тәубесіз кетсе, орындары тозақ» деп жауап берді.