Untitled Document

Тарих ... Сәлжүк мемлекеті (2)

ХІІ ғ. басында Сәлжүк империясы ішіндегі тақ таластардан және батыстағы крест жорықтары, шығыстағы Ғазналы, Қарақытай, Қарахан, Оғыздардың шабуылынан әлсірей бастады. 1157 ж. Сұлтан Санжардың қайтыс болуынан кейін ұлы Сәлжүк мемлекетінің Иран, Ирак, Сирия және Анадолыдағы бөліктері Сәлжүк ақсүйектерімен басқарылып ХІV ғ. дейін биліктерін жүргізді.

Сәлжүк мемлекеті Исламға толығымен мойынсұнған еді. Ақидада Матуриди, амалда Ханафи әһли сүннет мазһабында болды. Қалған үш хақ мазһабты ұстанғандар да болды. Өлкеде батинилер секілді бұзық ағымдар шыққан болса да мемлекет және ғалымдар олармен қарқынды күрес жүргізіп отырды. Мемлекет ілімге және ғалымдарға мән берді. Мемлекеттің дамуы үшін бүкіл жағдайлар жасалды. Діни тәлім тәрбие беретін медреселер көбейді. Ғалымдар тарапынан құнды еңбектер жазылды. Сарахсидің «Жами-ул Кәбир», «Жами-ус Сағир», «Сияри Кәбир», «Мұхтасар-ы Тахтауи», Юсуф Хамаданидің «Зинатул Хаят», «Мәназилус-Саирин», «Мәназилус-Саликин», Шахристанидің «Миләл Нихал» атты кітаптары жазылды, Имам Ғазали, Абдулқадир Гәйлани, Әбу Наср Абдуррахим секілді ғалымдардың құнды кітаптары бүгінге дейін сақталды. Түрлі саладағы факультеттермен қамтылған университет деңгейіндегі үлкен медреселер құрылды. Бұларда ақли, нақли бүкіл Ислам ілімдері оқытылды. Риазия (математика), хейет (астрономия), хәндесе (геометрия), физика, химия салаларын меңгерген ұлы ғалымдар жетілді. Обсерваториялар салынып, аспан денелерінің әрекеттері зерттелді, күнтізбелер түзілді. Бұл салаларда әдебиетте де еңбегі сіңген Омар Хаям, Мұхаммед Бәйһақи, Ахмет Туси секілді т.б. көптеген ғалымдар жетіліп еңбектер қалдырғанымен бұл еңбектер ХІІІ ғ. Моңғол шапқыншылығы кезінде өртеніп кетті. Көрікті мешіттер, үлкен кітапханалар, мұнаралар, сарайлар, кесенелер, емханалар, моншалар т.б. сәулеттік ғимараттары батинилердің және моңғолдардың қырғынына ұшырағанымен біршама сақталғандарының өзі ғалымдар тарапынан таңданыспен зерттеліп келеді.