Денсаулық... Ми саулығына пайдалы ТОП-5 әдет
1. Тұрақты дене белсенділігі. Дене жаттығулары қан айналымын жақсартады, жаңа нейрондардың түзілуін (нейрогенез) ынталандырады және деменция қаупін төмендетеді. Аптасына кемінде 150 минут орташа деңгейдегі жүктеме (жаяу жүру, жүзу, йога), сондай-ақ таза ауада серуендеу – ми саулығын сақтаудың тиімді жолы.
2. Теңгерімді тамақтану. Миға Омега-3 (балық, жаңғақ), антиоксиданттар (жидектер, көкөністер) және В тобы дәрумендері (тұтас дәнді өнімдер) қажет. Бұл заттар ми тамырларының атеросклероздық зақымдану қаупін және атрофиялық үдерістерді азайтуға көмектеседі. Қант пен фастфудты азайтып, көкөністер мен пайдалы майларды көбейту – мидың қалыпты жұмыс істеуінің негізгі қағидасы.
3. Сапалы ұйқы. Ұйқы миға «тынығып», күнделікті жүктемеден арылуға мүмкіндік береді. Күніне кемінде 7-7,5 сағат ұйықтау, бір уақытта жатып-тұру, ұйқы алдында гаджеттерді пайдаланбау, қараңғы әрі салқын бөлмеде ұйықтау ұсынылады. Сонымен қатар, 8 сағаттан артық ұйқы кей жағдайларда жүрек ауруларымен байланысты болуы мүмкін, сондықтан шамадан тыс ұйықтаудан аулақ болған жөн.
4. Когнитивтік қабілеттерді дамыту. «Қолданбасаң – жоғалтасың» қағидасы бұл жерде де өзекті. Ми икемділігі (нейропластикалығы) тұрақты жаттығуды қажет етеді. Сондықтан жаңа нәрселерді үйрену (тілдер, жаңа өнер), кітап оқу, есептер мен жұмбақтар шешу, стратегиялық ойындар ойнау өте пайдалы. Сондай-ақ, кейде күнделікті маршруттарды өзгертіп отыру да миға оң әсер етеді.
5. Стресті бақылау және қарым-қатынас. Созылмалы стресс нейрондарға зиян келтіреді, ал әлеуметтік белсенділік когнитивтік бұзылыстар қаупін төмендетеді. Тыныс алу жаттығуларын, медитацияны меңгеріңіз, жақындарыңызбен уақыт өткізуге көңіл бөліңіз. Тіпті күніне 10 минут гаджетсіз, тірі қарым-қатынаста болу ми денсаулығы үшін маңызды профилактика.