Сұхбат... Әбу Бәкір Сыддық
Әбу Бәкір Сыддық хазрет пайғамбарлардан кейінгі адамдардың ең үстемі.
Ашәра-и Мубәшшәраның, яғни жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның біріншісі. Пайғамбарымыз алейһиссаламның қайын атасы, хазреті Айшаның әкесі. Хазреті Әбу Бәкірдің Расулуллаһ алейһиссаламға деген таңғажайып адалдығы мен сүйіспеншілігі бар еді. Қайтыс болуына пайғамбарымыздан айырылудың үлкен мұң-қайғысы, уайымы және сағынуы себеп болған. Себебі Оған деген сүйіспеншілігі мен байланысы сөзбен жеткізіп бере алмайтындай шамада көп. Пайғамбарымыз да оны қатты жақсы көретін еді.
Пайғамбарымыз қайтыс болған күні ол халифа болып сайланды. Халифалығы 2 жыл, 3 ай, 10 күн жалғасты. 63 жасында хижреттің 13 (григоряндық 634) жылы Жәмазиәл-ахир айының жетісінде, дүйсенбі күні ауырып, 15 күн науқас болып жатқаннан кейін қайтыс болды. Жаназа намазын хазреті Омар оқыды. Пайғамбарымыздың қабірі орналасқан Хужрә-и Саадәтте жерленді.
Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың ең жақын досы еді. Одан ешқашан ажырамайтын еді. Олардың осы жақындығы Меккеден Мәдинаға көшу кезінде де жалғасты. Оған үңгірде де дос болды. Үңгірде үш күн өткізгеннен кейін екеуі бір түйеге мініп, жолға шықты. Мәдинаға барғанға дейін Расулуллаһқа толығымен қызмет етті. Мәдинадағы мешіт соғылғанда Онымен бірге жұмыс істеді. Ешбір қызметтен, қайырымдылықтан тыс қалмады. Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһ алейһиссаламмен барлық соғыстарда бірге болған, бір ретінде әскер басқару міндеті оған берілді. Өте ауыр соғыстарда пайғамбарымызды қорғады. Пайғамбарымызға жан-тәнін пида етті. Бәдірде, Ухудта, Хандекте мүшриктерге қарсы соғыста үлкен қаһармандық көрсетті. Тәбук соғысында ту көтеруші міндетін атқарды.
Пайғамбарымыздың соңғы ауруында үш күн имам міндетін атқарып, он жеті уақыт намаз оқытты, үш уақытында пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірге ұйып, оның артында намаз оқыды.