Әңгіме... Көккөлдегі түн
Жамбыл облысындағы таулардың арасында бір көл бар. Аты Көккөл.
Бұл көл жайлы әңгімелерді жергілікті адамдар көптен бері айтып келеді. Біреулер көлден бір түрлі дыбыс шығады дейді. Енді біреулер судың астында белгісіз нәрсе қозғалғанын көргенін айтады. Көлдің ең қызығы, оған ешқандай өзен құймайды, ешқайда ақпайды, бірақ су деңгейі өзгермейді.
2010 жылдардың басында Тараздан төрт жігіт осы әңгімені естіп, көлге баруға шешім қабылдайды. Олар мұның бәрін аңыз деп ойлаған. Жол ауыр болған. Таудың іші. Байланыс жоқ. Кешке қарай әрең жетеді. Көлді алғаш көргенде бәрі тынышталып қалған. Су тым тұнық. Бірақ айналада құстың даусы да естілмейді. Тіпті жел де жоқ сияқты.
Жігіттердің бірі қалжыңдап:
– Егер анау құбыжық шықса, бірінші сені тастап қашамыз, – дейді.
Бәрі күледі.
Түнде олар шатыр құрып, от жағады. Басында бәрі қалыпты болған. Бірақ түн ортасына қарай бір түрлі дыбыс естіледі. Төмен, созылған дыбыс. Біреуі оны жел шығар дейді. Бірақ айналада жел жоқ еді. Бірнеше минуттан кейін көлдің беті өздігінен толқындай бастайды. Тас лақтырғандай емес. Ішінен бір нәрсе қозғалғандай.
Жігіттердің екеуі фонарь жағады.
Сол сәтте су бетінде ұзын қара силуэт бірнеше секундқа көрініп, қайта жоқ болады.
Ешкім ештеңе демейді.
Таңға дейін олар ұйықтамаған.
Ертеңіне таңертең тез жиналып, төменге түсіп кетеді. Кейін достары сұрағанда, олар бір нәрсені ғана айтқан:
– Біз не көргенімізді нақты білмейміз. Бірақ ол жерде бір түрлі нәрсе бар.
Қызығы, сол жігіттердің бірі арада бірнеше жыл өтсе де, Көккөл туралы әңгіме басталса, сөзді бірден басқа жаққа бұрып жіберетін болған.
Ал жергілікті адамдар болса баяғы сөзін әлі айтады:
«Көлдің бәрі бірдей тыныш болмайды».