Untitled Document

Сұхбат... Дұға ету – ғибадат

Дұға – сұрау, тілеу деген сөз. Адамның өзі үшін немесе өзге біреу үшін тілегеніне, сұрағанына жету үшін Аллаһу та'алаға жалбарынуы. 

Дұға діннің тірегі болып табылады. «Аллаһу та'аланың дәргейінде дұғадан мәртебелі ешнәрсе жоқ», «Дұшпаннан құтылу үшін, мол ризыққа кенелу үшін дұға етіңдер! Өйткені дұға – мұсылманның қаруы», «Дұға ету – ғибадат» хадис шәрифтері дұғаның маңыздылығын айқындап көрсетіп тұр. Аллаһу та'аладан ешнәрсе тілемеу, дұға етпеу өте жаман. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала Өзінен бір нәрсе сұрамаған, дұға етпеген адамға ашуланады» делінген. (Тирмизи).

Адам дұға еткен сайын Аллаһу та’алаға жалбарынады, өзінің әлсіздігін көрсетеді, Аллаһу та’аланы зікір еткен болады, еске алған болады. Дұға кітаптарынан ислам ғұламаларының әр түрлі жағдайларға, мәселелерге байланысты білдірген дұғаларын оқу өте пайдалы. Сонымен қатар өз сөзіңізбен ықылас-ынтаңызбен де дұға етіп жүру керек. Дұға еткенде үнемі бір дұғаны қайталап, жаттанды түрде оқи беру де жақсы емес. Яғни не айтып жатқанын, не сұрап жатқанын біліп зейінмен тілеу керек. Не айтып жатқанынан хабары болмай дұға ету дұрыс емес. Бір нәрселерді жаттап алып, тақпақ айтқандай дұға ету мәкрух болады. Дұғаны сергек, ояу көңілмен жай дауыспен оқу керек. Дұғаны тек намаздан кейін және белгілі уақыттарда ғана оқу да мәкрух. Әр мүмкіндікте дұға ету керек!

Дұғаның қабыл болуы үшін сұраған нәрсенің себебіне жүгіну қажет. Аллаһу та’ала барлық нәрсені себептерімен жаратқан. Дұға етумен қатар шарасын қамдану, себебін іздеу керек. Дұға еткенде Аллаһу та’ала адамды сол тілеген нәрсесінің себебіне жеткізеді және себебіне әсер, қуат береді. Намаздан кейін жасалған дұғалар, пайғамбарымыздың және әулиенің қабірлерінің жанында, олардың құрметіне деп айтылған дұғалар тез қабыл болады.