Untitled Document

Сұхбат... Намазда қолды кіндіктен төмен байлау

Сұрақ: Намазда қолды кіндіктен төмен байлау бидғат па?

Жауап: Жоқ, бидғат емес, сүннет.

Хазреті Әли риуаят еткен хадис шәрифтің мағынасы:

Намазда оң қолды сол қолдың үстіне қойып кіндіктен төмен байлау сүннет болып табылады. (Әбу Дауд, И.Ахмед).

Бүкіл фиқһ кітаптарында намазда қолдар кіндіктен төмен байланады делінген.

Дуррул мухтар кітабында намаздың сүннеттерінің сегізіншісінде былай делінген:

Еркектер оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндіктен төмен байлайды. Хазреті Әли «Қолды кіндіктен төмен байлау сүннет» деген. Намазда ер кісі білегін бас бармақ және шынашақпен ұстап, оң қолды сол қолдың үстіне байлайды және кіндіктен төмен ұстайды. Ең сенімді болған қаулы (үкім) да осы. (Дуррул мухтар)

Нимети Ислам кітабында намаздың сүннеттерінің бесіншісінде былай делінген:

«Еркектер оң қолын сол қолының үстіне қойып кіндіктен төмен байлау керек».

Бұларды бүкіл фиқһ кітаптарынан табуға болады.

Намазда қандай киім кию керек

Сұрақ: Намазда қандай киім кию керек? Үйде пижамамен намаз оқуға бола ма?

Жауап: Намазды жұмыс киімімен, үлкен адамдардың алдына шыға алмайтын киіммен, жаман иісті киім және жаман иісті шұлықпен оқу мәкрух болады. Басқа киімі жоқ болса мәкрух болмайды. Ақшасы бар болса, сатып алуы қажет.

Маңызды адамдардың алдына шығатын адам ең әдемі, таза киімін киеді. Аллаһу та’аланың алдында тұрған кезде де бұған аса мән беру керек, үлкендердің алдына шыға алмайтын киіммен намаз оқымау керек! Құран кәрімде «Барлық намазды оқитын кезде сәнді (таза, ең жақсы, әдемі) киімдеріңді киіңдер» делінген. (Араф 31).

Хадис шәрифте де былай делінген:

«Намаз оқитын кезде ең жақсы киімдеріңді киіңдер. Аллаһу та’ала әшекейленуге, сәнденуге бәрінен де лайықты». (Бәйһақи).