Untitled Document

Күннің тарихы... Мұхтар Шаханов

1942 жылғы 2 шілдеде қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген Мұхтар Шаханов еңбек жолын тракторшы болып бастап, кейін Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.

Мұхтар Шаханов советтік Қазақстанда поэзия, проза және драматургия салаларында туындыларымен көпшілікке танылды, оның шығармалары 40-тан астам тілге аударылған.

Совет одағында билік басына Михаил Горбачев келуімен басталған өзгерістер кезінде Қазақстанда болған әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін, сол кезде "Жалын" әдеби альманағын басқаратын ақын Мұхтар Шаханов көпшілікке жаңа қырынан танылды.

Желтоқсан оқиғасының шындығын ашу жолында Мұхтар Шаханов шешуші рөл атқарды. 1989 жылы Совет одағы халық депутаттарының бірінші съезінде ол бұл мәселені алғаш рет одақ деңгейінде ашық көтеріп, «қазақ ұлтшылдығы» деген ресми бағаға қарсы шықты. Съездегі сөзінде Шаханов Алматыда бейбіт шеруге шыққан жастарды билік арнайы құралдар пайдаланып, әскери жасақтың күшімен басып-жаншығанын нақты деректермен келтірді.

Оның бастамасымен 1989 жылы Желтоқсан оқиғасын зерттейтін арнайы комиссия құрылып, Шаханов оның төрағасы болды. Комиссия жұмысы барысында бұрын құпия сақталған көптеген материалдар көпшілікке жария етілді. Зерттеу нәтижесінде 8 мыңнан астам адамның ұсталғаны, мыңдаған адамның тергеуге тартылғаны, 90-нан астам азаматтың сотталғаны анықталды.

Шаханов совет тұсында әбден ушығып, шегіне жеткен экологиялық мәселелерді де қозғады. Ол Арал теңізінің тартылуын «ғаламдық апат» деп атап, «Арал – Балқаш» халықаралық қоғамдық комитетін құруға бастамашы болды. 

Шаханов қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолындағы күресімен де танылды. Ол «Мемлекеттік тіл» қозғалысына жетекшілік жасап, тіл саясатына қатысты реформалар қажет екенін жиі көтерді. Өз ұстанымын қорғау үшін аштық жариялау сияқты қадамға да барған.